Ағымдағы жылдың 8 желтоқсан күні Шығанақ ауылы Қамқалы көлінде ауыл азаматының суға батып кету оқиғасы орын алды. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар бөлімі ЕСКЕРТЕДІ:Балықшылар мұз үстіне шығатын уақытты тағатсыздана күтеді. Бірақ қыс кезіндегі балық аулаудың біршама қауіптілігі бар екендігін ұмытпау керек. Мұз үстіне шығу — әрқашан да қауіпті іс. Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі балық аулаушылардың назарына жасалған, негізгі мұздағы қауіпсіздік ережелерін ұсынады.
Мұзда адамның болуының негізгі қауіпсіз жағдайлары мыналар:
— ұсынылған салмаққа мұз қалыңдығының сәйкес келуі;
— бір адам үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы 7 см-ден кем болмауы керек;
— жаяу өткел үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы 15 см және одан артық болуы керек;
— автокөліктің өтуі үшін қауіпсіз мұздың қалыңдығы 30 см-ден кем болмауы керек;
— судың температурасы 2-3°С кезде адамның суда 5-10 минут болуы оның өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті.
Мұз үстіндегі қозғалыс ережесі:
— Мұз үстіне шығу тек тәуліктің жарық кезінде болуы керек;
— Су айдынына шығар алдында мұздың мықтылығын тексеріңіз. Кәсіпқой балық аулаушыларға арналған жерлерде, тұрақты мұз қалыңдығын өлшеу жүргізіледі. Ол жеті сантиметрден кем болмауы керек;
— Балық аулау орнына мұз үстімен жүргенде, қар басқан жерлерден аулақ жүріңіз;
— Мұз үсті мөлдір болуы керек. Сүт түстес борпылдақ мұз беті қауіпті болады. Мұз бетімен жылжығанда оның түсіне назар аударыңыз. Неғұрлым мұз ашық түсті болса, ол соғұрлым қалың.
Балық аулау барысында:
— Мұз бетінде кішкентай алаңда көп топ болып жиналмаңыздар;
— Шектеулі жерде көп ойықтар жасамаңыз;
— Егер де сіз мұз астына түсіп кетсеңіз, үрейленбеуге тырысыңыз. Алдымен мұз бетіне бір аяғыңызды шығарыңыз, содан кейін екіншісін. Барлық денеңізбен мұз бетіне шыққанда, ақырындап қауіпсіз жерге сырғанаңыз. Киіміңізді ауыстыру үшін мүмкіндігінше су айдыннан тезірек кетіңіз.
Құтқарушылардың көмегі қажет болған жағдайда 101, 112 телефон нөмірлеріне хабарласыңыз.
Сарысу Ішкі Саясат Бөлімі