ТӨЛЕН АҒАНЫҢ ОҢ ҚОЛЫ

58

(Алақандай эссе)

Көрнекті қаламгер, қазақ қарасөзінің хас шебері Төлен Әбдіковтің «Оң қол» деген классикалық шығармасы бар. Мұны елдің бәрі біледі. Бала кезімізде оқығанбыз. Оқып болып, пышақ ұстаған сәтімізде оң қолымызға үрейлене қарағанбыз. Ол тұста Төлен ағамның астарлап қана алысып-жығысып, жанығып-жұлысып, өзін-өзі тұншықтырғалы жатқан қоғамды айтып отырғанын қайдан білейік, кластағы бой жетіп қалған қыздардың оң қолына да сәл-пәл күдіктене зер салатын едік.
«Оң қолды» бүкіл қазақ жұрты жата-жастана оқыды. «Оң қолды» оқыған үлкен де, кіші де Төлен Әбдіковті талассыз мойындады. Әрине, суреткер Төленнің шығармашылығы тек «Оң қолмен» ғана өлшенбейді. «Таңғы шықты» рахаттана жұттық. «Күзгі жапырақтарды» армансыз жинадық. «Көкжиекке» жіті көз салдық. «Әкені» тамсана түйсіндік. «Айтылмаған ақиқаттың» сырына тереңірек үңілдік. «Тозақ оттары жымыңдайдының» тылсымға толы пәлсапасын санаға сіңіруге тырыстық. «Өліараның» тынысын кәдімгідей сезіндік.
Оның жазған дүниелері мектепте оқып жүргенімізде-ақ қолымызға тиді. Кітап оқымайтын оқушы некен-саяқ-ты ол кезде. Басқа пәннен үлгермеушілердің өзі кітап оқуға үлгеретін. Төлен Әбдіковтің өзі бас редактор ретінде қол қойған «Жалын» журналы теңіз қолтығында бұғып жатқан біздің балықшылар ауылына көп кешікпей жететін. Сол «Жалында» немесе онымен қоса-қабат келетін «Жұлдызда» Төлен ағамның әйтеуір бір шығармасы көсіліп жатар еді. Бәрін де осы екі журналдан оқыдық. Шынымызды айтсақ, жазушының баспадан шыққан кітаптарын кейін Алматыға табанымыз тиген соң ғана көрдік.
Сонау студент кезімізде Төлен аға «Біз үшеу едік» деп аталатын психологиялық драмасын көрерменге ұсынды. Балалар мен жастар театрына аптасына екі рет баратын кезіміз. Бар-жоғы екі-үш адам ғана ойнайтын қойылым. Оның бірі – аты аңызға айналған режиссер, әйгілі актер әрі сол театрдың көркемдік жетекшісі Райымбек Сейітметов. Ой, ойнады дейсің сонда Райымбек аға… Образға жан-тәнімен берілгені соншалық, тіпті сахнада жүргенін ұмытып кеткендей көрінді бізге. «Ойпыр-ай, бұлай баспен де, мимен де ойнауға болмайды ғой» дестік, театр мәселесінен бірдеңе түсінетін адам құсап. Өйткені пьесаның оқиғасын Төлен ағам осылайша керемет қиюластырып жазған-ды. Оқиға дейтін оқиға да жоқ еді мұнда. Үш-ақ кейіпкер бір бөлмеден шықпай, ертелі-кеш әңгімелесіп отырған жерде қайдағы күрделі сюжет?! Тек сол үшеудің арасындағы тартыстың өзі санаңды сансыратып жібереді. Бүкіл студент залға жайғасып, қыбыр етпей көріп шықтық. Тек анда-санда ортаңғы қатарда ойланып отырған автор жаққа, осыдан қырық жыл бұрынғы жас Төленге қарай мойнымызды созып, қарап қоямыз. Ол қашанғы әдетінше салқынқанды, сабырлы қалпынан танбайды. Тіпті бар ғой, өзінің өзегін жарып шыққан пьесасын емес, біреудің спектаклін көріп отырғандай мүлде жайбарақат.
Төлен Әбдіков Торғай өңіріндегі Жангелдин ауданының «Еңбек» деген ауылында туыпты. «Еңбекте» дүние есігін ашқан соң еңбекқор болмағанда қайтеді?! Өмір бойы шығармашылық жұмыстан бас көтерген емес. Оқиды, тоқиды, қазады, жазады… Ол тіпті Компартияның Орталық Комитетінде де, Президент Әкімшілігінде де лауазымды қызмет атқарды. Тегінде, мұндай жұмыс шығармашылыққа қозғау салмақ түгілі, көркем дүние атаулыдан бездіріп жіберсе керек-ті. Бірақ олай болмады. Еңселі кеңсенің өзі Төлен ағамның қаламын қаңтара алмады. Осындай ресми реңкі бар қат-қабат шаруаның арасында жазудың ақ бурасын ойнатып отырды.
Ара-тұра жұмыс бабында айбарлы ағамызды көріп қаламыз. Сол баяғы салқынқанды қалпы. Алдынан шығып амандасамыз. Қос қолдап тұрып қолын аламыз. Әрине, оң қолын. Бұл енді атақты «Оң қолды» жазған оң қол. «Оң қолың» не, барлық шығармасын ақ параққа қара сиямен таңбалап түсірген оң қол… Саусақтары салалы. Әрі әлеуетті. Сенің қолыңды сығымдап қысып жібереді. Себебі ол – тек қарымды қаламгер ғана емес, баршаға белгілі балуан. Еркін күрестен спорт шебері. Төлен Әбдіков, Жеңіс Қашқынов, Орысбай Әбілдаев секілді саусақпен санарлық қана кәсіби балуан-қаламгерлеріміз бар. Соның ішінде Төлен ағамның шоқтығы биік. Ол оң қолымен талай қарсыласын алып та жыққан, шалып та жыққан.
Ал енді сіз Төлен ағаның керемет күйші екенін білесіз бе? Домбыраны кәсіби өнерпаздан кем тартпайды. Шеберлігі таңдай қақтырады. Репертуары бай. Қолындағы аспаптың құлақ күйін келтіріп алып, бебеулете жөнелгенде әдемі әсерге бөленесің. Күй тартып біткен соң да жаңағы әсеріңнен біразға дейін айыға алмай отырасың. Содан соң тағы да Төлен ағаның он саусағынан өнер тамған оң қолының құдіретіне сүйсінесің. Сол оң қол бильярдтың шарын да көздеген жеріне дөп түсіреді.
Иә, сонымен, оң қол! Әрине, Төлен ағамызға адам айтқысыз абырой-бедел әкелген «Парасат майданының» да шоқтығы биік. Атақты жазушының өзі осы шығармасын бар дүниесінен артық көретін тәрізді. Бірақ бәрібір қаймана қазақтың жалпыхалықтық ықыласын оятқан «Оң қолдың» жөні бөлек. Өйткені «Оң қол» жарыққа шыққанда бүкіл ел суатқа құлаған жылқыдай шөлдеп келіп бас қойды. Сол ойлы оқырманның әсері жарты ғасырға дейін тарқаған жоқ. Дәл осындай романтикалық көңіл-күйдің жоғалғаны қашан?! Сондықтан жас кезімізде «Оң қолды» өзімізді-өзіміз ұмытып, есейген шағымызда «Парасат майданын» жүрегімізді жібітіп отырып оқыдық. «Ұнаса, бірің – оң қолым, ұнаса, бірің – сол қолым» деп «Қыз Жібектегі» Сырлыбай шал айтпақшы, «Оң қол» да, «Парасат майданы» да – Төлен-суреткердің шығармашылық палитрасының алтын қазығы, қаламгерлік қағидасының қос діңгегі.
Қолыңыз дерт көрмесін, Төлен аға! Әрдайым амандық тілейміз! Тек бүгін талантты фототілші Шүкір Шахай ініңіздің таудай боп үйілген архивінен ілгеріректегі мына бір суретіңізді тауып алып, ептеп ой қозғап көргенбіз де..

Бауыржан Омаровтың фб парақшасынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.