ТОҒЫЗКЕНТТЕГІ КЕЗДЕСУ

64
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытовтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуі кестеге сәйкес Тоғызкент ауылдық округінде жалғасты.
Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі есептік кездесуде тұрғындарға өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталып, ауылдықтардың ой-пікірлерін тыңдады.
Ауданда атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан басшысы Тоғызкент ауылдық округінде де жүзеге асқан жобалар мен алдағы округте жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.
Ауылдық округте 19 көшенің 18-і жарықтандырылған. Өткен жылы, Тоғызкент ауылындағы Бекпенбет көшесіне күн көзімен қуатталатын көше жарығы орнатылды. Ауылдық округке қарасты елді мекендерде 16 көше асфальттанған. Үшарал-Тоғызкент бағытындағы 10,5 шақырым облыстық мәндегі автокөлік жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Тоғызкент ауылының Сапақ Датқа, Төреқожа, Бекпенбет, А.Ахметұлы және Ұлбике көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тоғызкент ауылының ауыз су жүйесін қайта жүргізу жұмыстары басталып, толық аяқталды. Елді мекенде балалар ойын алаңшалары орнатылды. Әбілда ауылының шағын футбол алаңшасы жөнделіп, Майлыкөл ауылына су тұщытатын кешенді модульді контейнер орнатылған. Тоғызкент ауылында «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынып, тал көшеттері отырғызылуда.
Биылғы Тоғызкент ауылындағы Түгіскен орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ұсынылған. Қазіргі таңда нақтылану үстінде.
Тоғызкент ауылындағы Т.Аубакиров және Есмырза көшелерінің жол жабынын орташа жөндеу, Тоғызкент ауылына кіре беріс жолын орта жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, Тоғызкент ауылындағы Үшарал көшесіне, Майлыкөл ауылына кіре беріс жолға түнгі көше жарықтарын орнату, балалар ойын алаңшаларын, стритворкаут салу жұмыстары бар.
Тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы биыл Тоғызкент ауылдық округінде жүзеге аспақшы.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан Талас өзенінің суы, Майлыкөл ауылына кіре беріс жолды жарықтандыру және өзге де жеке мәселелер айтылды.
Сәкен Үмбетұлы көтерілген мәселелер жұмыстар жүргізілетіндігін айтып, бақылауға алып, жұмыс жасау үшін жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.
Ауыл тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Аудан әкімі биылғы жылы да аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлесе атқару керектігін айтып жиынды қорытындылады.
Жиыннан соң азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.