«Тірілер тізімінде жоқсыз»: тараздық тұрғын бәрін шошытты

97

‎59 жастағы Тараз тұрғыны өзінің тірілер тізімінде жоқ екенін зейнетақы қорындағы қаражатын түгендеуге барғанда білген деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Олег Ким осындай жағдай менің басымнан өтеді деп ойламадым дейді. Фирмада жүк түсіруші болып істейтін ол зейнетақы қорындағы қаражатын түгендемек болыпты. Ондағылар 59 жастағы азаматқа әруақ көргендей шошынып қараған.

Зейнетке шығума жақын қалды. Сол себепті қордағы қаражатымды тексергім келді. Сөйтсем, мамандар маған таңырқай қарайды. «Сізге қызмет көрсете алмаймыз, себебі тірілер тізімінде жоқсыз» дейді. Қолыма қағазды ұстатты. Мен Алматы қаласы Түрксіб ауданы соттының шешімімен 2004 жылы марқұмдардың санатына қосылған екенмін, – дейді Олег Ким.

Сотқа жүгінген Олегтің бұрынғы әйелі болып шықты. 59 жастағы кісі Алматының аруымен 1990 жылы отасып, 2000 жылдардың басында ажырасып кеткен. Содан бері екеуі бір-бірін көрмеген. Олег 2003 жылы қарақшылық бабымен 9 жылға сотталғанын айтады.

Бұрынғы әйелім мені іздеп таппаған деп ойлаймын. Біз заңды түрде ажырасқан жоқ едік. 10 жастағы қызым қалған болатын. Мен із-түзсіз кеткесін, сотқа жүгінген болуы керек. Ал судья қайтыс болды деген шешім шығарған. Бірақ мені ешкім іздеген жоқ, – дейді Тараз тұрғыны.

Алпысты алқымдаған азамат еш кедергісіз өмір сүрген. Банк картасына тұрақты түрде жалақысы түсіп тұрған. Тіпті екі жыл бұрын ескірген төлқұжатын да ауыстырыпты. Таңқаларлығы, Олегтің бақилық болғандығы жөніндегі дерек электронды ортақ базаға тек 2021 жылы енгізілген екен. Бұған дейін тосқауылдардың болмауы содан болса керек. Ал АХАТ бөлімінің басшылығы кісінің шаруасын шешу аса қиын емес дейді.

Бұл кісінің статусын қайтару үшін АХАТ бөліміне жүгіну керек. Қайтыс болу акті жазбасын жою үшін өтініш жазу керек. Содан кейін Түрксіб ауданы сотының 2004 жылғы шешімін жою үшін бұл кісіге сотқа жолдама береміз. Жою фактісін әкелгенде, біз оны жойып тастаймыз. Одан кейін статусы өзгереді, – дейді Тараз АХАТ бөлімінің басшысы Бақытнұр Тілеубекқызы.

Олег Ким азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне өтініш тастады. Бірақ бұл кісіні тірілер қатарына қосу процесі қаншаға созылары айтылмады. Ал әзірге 59 жастағы азаматқа мемлекеттік және әлеуметтік қызмет мүлдем көрсетілмейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.