Тазалық таза ұстаған жерде орнайды»

256
Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!
Ел ішінде «Тазалық – саулық негізі», «Тазалық таза ұстаған жерде орнайды» деген тәмсілдер бар. Осы екі ауыз сөздің өзі халқымыздың әлімсақтан тазалыққа бейжай қарамайтынын аңғартса керек.
Дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді көздеген еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінен бөлек, азаматтардың өмір сүруіне жайлы әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Ал осы бағыттағы жұмыстарға білек сыбана кіріспес бұрын, әуелі тазалыққа баса мән берген жөн. Себебі әрбір өңірдің келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен ғана өлшенбейді. Оның ажары айнадай жарқыраған тазалығына да тікелей байланысты.
Айналаны ретке келтіріп, ұқыпты ұстау – санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның да көрінісі. Осы мақсатта қала тазалығына ерекше көңіл бөлінуде. Айталық, 2023 жылы «Жасыл ел-Тараз» ЖШС тарапынан 62 394 текше метр қоқыс шығарылса, ағымдағы жылдың осы уақытына дейін 42 167 текше метр қоқыс тазартылған. Сондай-ақ көктем-күз мезгілдерінде 2 айлық сенбіліктер ұйымдастырылып, бұған мекеме, ұйым қызметкерлері белсене атсалысып келеді. Алайда осындай жүйелі жұмыстарды жете түсінбей, тазалыққа немқұрайлы қарайтын тұрғындардың қатары азаймай тұр. Әсіресе кей жастарымыз бас қосып отыра кетсе, артында бір құшақ қоқыс қалатын болды. Бұған қоса, үйлерден шығып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар қаншама. Қоқысты арнайы контейнерлерге емес, кез келген жерге шашып тастау, тұрғындардың өз ауласының тазалығына салғырттық танытуы да күнделікті дағдыға айналып барады. Соның салдарынан тазалық сақшылары бір рет тазалап кеткен аумақты күніне 2-3 мәрте қайтадан тазалауға мәжбүр. Тіпті бір рет күл-қоқыстан толығымен тазаланған қоғамдық орындарға екінші мәрте қайта бас сұқсаңыз, әп-сәтте адам танымастай аянышты күйге түседі. Бұдан бөлек, бүтін тұрған дүниені бүлдіріп, сындырып кететін «басбұзарлардың» да қарасы қалыңдап барады…
Бүгінде тазалық сақтамаған тұрғындарға заң аясында ірі мөлшерде айыппұл салынуда. Дегенмен осындай қатаң шараның өзі «тентектерді» толығымен тезге салуға аздық етіп отыр. Өйткені кез келген адам тазалыққа әуелі өзі жауапты екенін түсінуі қажет. Ал сана тазарса, қаламыз да тазарады.
Қадірлі жерлестер!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деген болатын. Сондықтан қашанда бай тарихымен, мол мұрасымен ерекшеленіп тұратын көне шаһар Тараз тазалығымен де басқаларға үлгі болғаны жөн.
Тараз – ортақ мекеніміз. Сондықтан оның жарқырауына үлес қосу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Шаһарымыздың таза болуы тек жергілікті билікке немесе белгілі бір мекемеге ғана емес, әрбірімізге тікелей байланысты.
Ендеше, барлығымыз сүйікті қаламызды бірге көркейтіп, тазалығына бір кісідей атсалысайық!

Leave A Reply

Your email address will not be published.