«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
«Таза бейсенбі» – тек қоқыс жинау емес»: Аймақтарда экологиялық акция жалғасып жатыр: 22 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы елімізде азаматтық және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналды. Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Президент «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Бұл – жай ғана әдемі ұран немесе бір реттік науқан емес, күнделікті жүйелі әрі табанды еңбектің нәтижесі.
Президент бастамасын дамыту мақсатында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінде бұл жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, қоғамдық кеңістіктерді абаттандырудан бастап, мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсетуге дейінгі нақты істер төңірегінде мыңдаған азаматты біріктіріп отыр.
Түркістан облысында «Таза бейсенбі» аясында Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының мазарына баратын жол тазаланды
Жол қар мен қоқыстан тазаланды, акцияға партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, әкімдік қызметкерлері, коммуналдық қызметтер және жергілікті тұрғындар қатысты. Ордабасы аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы Әлиасқар Бердімурат:
«Қажымұқан сияқты дарынды тұлғаның ерліктері мен патриоттығы жастар үшін үлгі болуға тиіс. Осындай ізгі істер арқылы біз оларды еңбекқорлыққа, тәртіпке және туған жерге қамқорлыққа баулимыз», – деп атап өтті.
Актөбе облысында жоба әлеуметтік бағытта жүзеге асырылды. Қобда ауданында «Таза бейсенбі» акциясы аясында «Жастар Рухы» волонтерлері жалғызбасты қарт әйелге көмек көрсетіп, үйінің айналасы мен ауласы қар мен мұздан тазартылды. Қобда аудандық «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Нұргүл Ибраева көмектің бір реттік емес, тұрақты сипатқа ие екенін атап өтті.
Атырау облысы Мақат ауданы, Доссор кентінде аудандық «AMANAT» партиясының бастамасымен жаяу жүргінші жолдары, қоғамдық кеңістіктер және кент ішіндегі көшелер қардан тазартылды. Шамамен 20 адам қатысып, арнайы техника пайдаланылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұз тазалау жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласында «Таза бейсенбі» акциясы Қаратау ауданының Нұрсәт шағын ауданында өтті. Тазалауға шамамен 70 адам және 5 дана арнайы техника жұмылдырылды. Қоғамдық орындар мен көшелер тазаланып, құрғақ ағаштар мен өткен жылғы жапырақтар жиналды. Қалалық «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов:
«Бұл – бір реттік науқан емес, күнделікті еңбектің нәтижесі. Экологиялық тәртіп – қоғамдағы жауапкершілікті арттырудың маңызды құралы», – деді.
Қарағанды облысы Ә.Бөкейхан атындағы ауданның Сортировка саябағында «AMANAT» партиясының белсенділері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері мен аудан тұрғындары қар және жаяу жүргінші жолдарын бұзбай тазалау жұмыстарын жүргізді. Акцияға жиырма шақты адам қатысты,
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына 50-ден астам адам – маслихат депутаттары, партия активистері және жергілікті тұрғындар қатысты. Іс-шара аясында «Тағзым алаңы» саябағы абаттандырылды. Аудандық «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева:
«Таза бейсенбі» – тек қоқыс жинау емес, бұл партияның экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілікті қалыптастыру жолында жасап жатқан нақты қадамдары», – деді.
Ұлытау облысының Сәтпаев қаласында «Таза Қазақстан» жобасы аясында қатысушылар Бабыр би аллеясын қардан тазалады.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында «Таза бейсенбі» кеңейтілген форматта өтті. Жамбыл саябағы мен Aqzhar аллеясы қардан толық тазартылды. Екі арнайы техника қолданылып, 3 тонна қар шығарылды. Іс-шараға партия мүшелері, жастар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/274988-taza-beisenbi-tek-qoqys-zinau-emes-aimaqtarda-ekologiialyq-akciia-zalgasyp-zatyr