ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

392

Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Ал отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға ортақ құндылықтар бар. Олар – туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі.

Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады дегенмен мұнан кейін балабақшаның да ролі зор.Ұлттық тәрбиеден салт –дәстүр ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де аталар аманатына адал боларына кәміл сенеміз. Ұлттық салт дәстүрді мәдениетпен өнерді насихаттау –тәрбиенің төресі. Көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, т.б ойындарымыз арқылы қазақи қайнардан тәлім алса ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өседі. Балабақшадағы сәбилерге жоғары деңгейдегі ұлттық сана сезімді, рухани мұраларға және ұлттық мәдениетке деген құндылықтарды қалыптастырып, рухани мұраға және ұлттық мәдениетке құндылық қатынастарын қалыптастыру отансүйгіштік, ұлттық намыс сезімдерін қалыптастырады.

Балабақшадағы ұлттық тәрбие берудің мақсаты: ұлтжандыққа, отансүйгіштікке, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең меңгеруге, ана тілін қадірлеуге үйрету. Балабақшадағы ұлттық тәрбиенің міндеті ата- бабамыз қолданған үрдіс пен бүгінгі жаймен саралап, халықтық педагогиканының асыл мұралары негізінде саналы тәрбие беруді қилыстыру.

Тәрбиеленуші сәбилерді рухани ізгі қасиеттерге баулып, тәрбиенің көздері ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеуге халықтың салт –дәстүрлерін аялай білуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу болып табылады. Сәбилердің жас ерекшелігін ескере отырып, елін-жерін қорғауда атадан балаға мирас болып қалған тарихын салт-дәстүрін, ана тілін қастерлеу, үлкенге-құрмет, кішіге-ізет көрсетуін мұра етіп, тәуелсіз еліміздің парасатты, адамгершілігі биік білімді азаматтарын тәрбиелеуде адами қасиеттерді қамтып, білімді ұлттық қасиетті түсінетін тұлға тәрбиелеу. «Қайырымдылықты — халықтан, пайымдылықты-қариядан үйрен» деген ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі екі аралықтағы өмірінің мәні боларлық адами қасиеттермен әдет ғұрыпты оқу іс-әрекетін ұйымдастыруда үйреніп, алдағы өмірлерінде арқау болатынын ұғындыру.

Келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу маңызды. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Қазақ отбасында балаға тіл шығып, анық сөйлей бастаған кезде-ақ ағайын туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білмеген ер жетім», «жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген атаулы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, Отан сүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген.

Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен. Қазіргі медицина ғылымы делелдегендей, жеті атаға дейін қыз алыспай қанның тазалығын, яғни ұлттың таза болуына әкеледі екен. Екіншіден, қазақ ұрпағы жеті атасына дейін араласып, ынтымағы бір болсын дегеннен болса керек.

Қазақ халқының салт-дәстүрінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі аса зор, мәні үлкен. Ендеше құрметті ата-аналар, ұстаздар балаларымызға білім мен тәрбие беру барысында ұлттық салт-дәстүрлерін дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан зор ұлтжанды қазақ азаматы шығатынына кәміл сенуге болады.

Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Иә, атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды өнеге еткен. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі ұлт келешегі сапалы, саналы тәрбиеде жатыр.

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттық рух. Ұлттық мақтаныш, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту баршамыздың парызымыз.

 

 

 

Кенжебаева Алима Төлеуқызы

Дулати Университетінің доценті, п. ғ. к.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.