Тараздық спортшы Гиннесс рекордтар кітабына енуге талпынуда

626

«Күш атасын танымайды» дейді дана қазақ. Расында да, ел тарихында әлемді мойындатқан алып күш иелері аз емес. Бір ғана Қажымұқан Мұңайтпасов өз дәуірінде білектің күшімен төрткүл дүниені аузына қаратты. Бүгінде осынау бабадан балаға біткен ерекше қасиетпен танылып жүрген жастар да баршылық. Соның бірі – тараздық Асхат Абзалбеков. 23 жастағы жерлесіміз бас бармағымен денесін жерден көтеру спорты бойынша әлемдік Гиннес рекордына түзету енгізіп отыр.

12 жасында алғаш бокс үйірмесінің табалдыры­ғын аттаған Асхат уақыт өте кикбокс спортына ауы­сып, шаршы алаңда таныла бастайды. Облыстық және республикалық додаларда атой салып, 2016 жылы кикбокстан спорт шеберлігіне үміткер атанады. Қазіргі таңда Тараз қалалық төтенше жағ­дайлар комитеті №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі­нің өрт сөндіру-құтқарушысы қызметін атқаратын ол спорттан бір сәтке де қолын үзген емес. Ережесіз жекпе-жектің де айла тәсілдерін меңгеріп, өңір біріншіліктерінде бағын сынап жүр. Ал, кикбокстан сәуір айында Павлодар қаласында өткен ел чемпио­на­тында облыс намысын қорғап, қола жүлдеге қол жеткізген. Осылайша, спортты жанына серік еткен тарланбоз жуырда бас бармағымен денесін жерден көтеру спорты бойынша әлемдік Гиннес кітабына енген рекордтың қаймағын қалқыды. Ол жаттығу барысында қазіргі рекордтың иесі пәкістандық Хибер Пахтунның жеткен жетістігін жаңалаған. Хибер бір минутта бас бармағымен 33 рет денесін жерден көтерген болса, Асхат небары 50 секундтың ішінде бұл көрсеткішті 36-ға жеткізген.
– Елімізде бас бармақпен денесін жерден көтеру спортымен айналысатын адамдар аз. Менің бұл спортқа бет бұруыма Гиннес рекордтар кітабына енген пәкістандық азаматтың видеосы себеп болды. Соны көргеннен кейін мен де өз мүмкіндігімді сынап көруге бел будым. Жасыратыны жоқ, бастапқыда мүлде жасай алмадым. Бірақ, күнделікті жаттығудың арқасында 2-3 рет көтерілуден бастап, кейін 30-ға дейін жеткіздім. Ресми түрде тіркеген көрсеткішім – 36. Тіпті, 41 рет жасаған кезім де болды. Бірақ өкініштісі, ол видеоға басылмай қалды, – дейді жампозымыз.
Асхаттың Әлемдік Гиннесс рекордтар кітабына енуі үшін әуелі Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына есімі жазылуы керек екен. Қазір ол осы бағытта тиісті құжаттарын дайындап жатыр. Егер жерлесіміздің рекордын ел сарапшылары ресми түрде растайтын болса, онда оған Әлемдік Гиннесс рекордтар кітабына жол ашылмақ. Бұл әрине Жамбыл, қазақ спорты үшін үлкен мәртебе. Сондықтан, Асхаттың айы оңынан туып, Әлемдік Гиннесс рекордтар кітабына енуіне шын жүректен тілектеспіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.