ТАРАЗДА «ҚАРАШАЙ-БАЛҚАР ЭТНОСЫНЫҢ ТӨЛ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕРІ» КӨРМЕСІ ӨТТІ

84
2025 жылғы 6 желтоқсанда Тараз қаласының Достық үйінде «Қарашай мен балқарлықтар – Архыз» этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Қарашай-балқарлар этносының халық мәдениеті және қолданбалы өнері» тақырыбындағы бірегей өнер және этнография коллекцияларының көрмесі өткізілді.
Қарашай-балқар этносының бай мәдени мұрасын дәріптеу, этносаралық достықты нығайту және халық қолөнері, дәстүрлер, тарих, музыка және ас үй сияқты аспектілермен көпшілікті таныстыру мақсатында өткізілген мәдени шараға облысымыздың ұйғыр, өзбек, украин, неміс, поляк, орыс, күрді этностары өкілдерімен бірге өңірлік Ақсақалдар, аналар кеңестерінің мүшелері де қатысушылар ретінде қарашай-балқарлар этносының бай мәдени мұрасын тамашалауға келді.
Салтанатты жиын «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Қасымқызы Жинақбаеваның алғы сөзімен басталды. Мекеме басшысы Қазақ елінің барлық этнос өкілдеріне кең құшағын жая білген қасиетті ел екендігіне тоқталып, өңірлік «Архыз» қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігінің бүгінгі ашылған көрмелерімен құттықтай келе олардың өткені мен болашағына зор құрметпен қарайтындығымызды білдіріп, ұйымның талапты, өнерлі жастарына өсіп-өркендеу тіледі. Сонымен қатар, бірлестіктің төрағасы Леля Ахматқызына да мол алғысын жаудырды.
Бұған қоса, татулық пен этносаралық келісімді басты құндылығы санайтын белсенді этнос өкілдерінің бірегейлері – Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің төрағасы Леля Узденова және «Днепро» Украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, сондай-ақ, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Мухабат Турдыева, облыстық Аналар кеңесінің активтері Аракси Плетнева, Антонина Беляева, бірлестік төрағасының орынбасары Батырхан Сарбашев және қарашайлықтардың Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Назби Гочияев сөз сөйледі. Өз сөзінде ақсақалдар жетекшісі Назби Хаджимұратұлы: «Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қарашайлардың жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ халқы бізге өте жылы көрінеді. Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді. Саны аз болғанымен, қарашай-балқар жұрты мәдени орталығы және түрлі іс-шаралары – осындай көрмелері арқылы өзінің ұлттық болмысы мен салт-дәстүрін, этнос ретіндегі ерекшеліктерін қастерлей білетін халық. Бүгінде осы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірлік Ассамблеяның арқасында тағдыры тоғысқан этнос өкілдері ауызбіршілігін сақтап, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Алдағы уақытта да бірлігімізді көрсетіп, толайым тірліктер атқара берейік!» — деді.
Қонағы мен көрерменін тәнті етіп, талай адамды тамсандырған келелі көрмеде қарашай-балқарлардың бірегей экспонаттары – этникалық киімдері, арнайы қол өнерімен даярланған үйлену бас киімдері, жаулық-орамалдары, тарихи кітаптары, ежелгі және заманауи фотосуреттері, музыкалық аспаптары, көне ыдыс-аяқтары, этно-тағамдары және т.б. халықтық бұйымдары көрермендерге ұсынылды.
Мерекелік шараның сәнін көңілді концерттік бағдарламамен жас шығармашылық топ – Залина Рустамова, Асмина Есенқұлова, Жасмина Газаева, Руслан Никулин, Азиза Сарбашева, Айшана Метен, Феруза Асланби т.б. келтірді. Көрермендерге өнерлі жастар «Орайда», «Бар,бар,бар», «Отан» әндерін және қазақ, қарашай, балқар тілдерінде белгілі ақын-жазушылардың өлеңдерін оқумен өнерлерін көрсетті. Жұппен орындалған тау халықтарының жалынды «Лезгинка» биі де ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ.
Іс-шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына аянбай өз үлестерін қосып жүрген этномәдени бірлестік белсенділері, Аналар, ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен шығармашылық жастары алғыс хаттармен марапатталып, кішкентай қатысушылары мол сыйлықтарға ие болды.
Осы тұста ерекше атап өтейік, «Қарашай-балқар» – Архыз» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әрі ұйыымдастырушысы Леля Ахматқызының атынан Қордай ОАА басшысының эпидемиологиялық қызметі жөніндегі орынбасары, Қордай аудандық мәслихатының депутаты, Қордай аудандық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, өңірлік ҚХА «Жомарт жан» орталығының мүшесі, меценат, «Қарашай-балқар» – Архыз» этномәдени қоғамдық бірлестігі жастар қанатының төрағасы Эльдар Апаевқа бірлестік белсенділері мен бүгінгі шара қатысушыларына сый-сияпат жасауға демеушілік жасағаны үшін зор алғысымызды білдіреміз!
Көрнекті шара өз деңгейінде жоғары дәрежеде өтті. Көрмені тамашалауға келген көрермендер де көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.