Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі Қазақстан: Тараз — тарих айнасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жиынды басқарма басшысы Берік Уәли жүргізді.
Аталған шара қазіргі заманғы мәдени-экономикалық орталықты қалыптастыру кезіндегі Тараз қаласының тарихи мұрасын зерделеу, жергілікті тарихты зерттеу жұмыстарында тәжірибе алмасу үшін ақпараттық ғылыми платформа құруды мақсат етті.
Жалпы, Тараз – географиялық орналасуына байланысты ежелгі дәуірден бастап қолөнөр, сауда, ғылымды дамыту орталығы және батыс және шығыс өркениетінің мәдениеті мен дәстүрлері тоғысқан Ұлы Жібек жолындағы қала. 2000 жылдан астам тарихы бар көне шаһар түрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Оның қалыптасуының тарихи кезеңдері өркениеттік дамуға әсер етіп, рухани гүлдену үшін әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени жағдайларды тудырды. Конференция қатысушылары осы жайттарды ескере отырып, оның тарихи мұралары мен ел өміріндегі маңызын ашып зерттеу керектігін айтты.
Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ¥лттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, «Қазархеология» ЖШС директоры Жұман Смаилов, сондай-ақ, облыстың белді жоғары оқу орындары — М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, ТарМПУ жөне ТИГУ ғалымдары шақырылды. Сондай-ақ, конференция жұмысына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жобалық офис-менеджерлері, облыс әкімдігінің басқармалары, саяси партиялар, қоғамдық, этномәдени және жастар ұйымдарының өкілдері, тарих саласының ғалымдары, филологтар, мәдениет, білім және ғылым, өнер қайраткерлерін қамтитын 200-ге тарта адам қатысты.
Маңызды жиында бас қосқан ғалымдар ғылыми-практикалық конференция Тараз қаласының бай рухани мұрасының тарихы мен бірегейлігін терең аша түседі деген ойда. Сондай-ақ, конференция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаларын басқарудың жаңа форматының дамуына серпін береді және жаңа басқару тәсілдерін іздестіруге ынталандыратынына сенімді.
Бұдан бөлек, жиын Елбасының бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді ары қарай жүзеге асыру үшін инновациялық идеялар мен жаңа бастамалардың туындауына үлесін қосып, жастардың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесінің маңызды құрамдас бөлігі болады деп күтілуде.
Абзал Есіркепов