Таразда «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылды

85

Тараз қаласында қарттар мен зейнеткерлерді қолдау, оларға рухани-әлеуметтік көмек көрсету мақсатында «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен пайдалануға берілген орталықтың негізгі мақсаты – өңірдегі зейнет жасына жеткен белсенді, өмір жасын ұзартуды көздеген қарт адамдарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасау арқылы  денсаулығын қолдау, көңіл күйін көтеру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру болып табылады.

Орталықтың ашылуына аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қатысып, жиналғандарды құттықтады.

— Ардагерлер – біздің алтын қорымыз. Сіздердің қоғам дамуы мен ұрпақ тәрбиесіндегі алар орындарыңыз ерекше. Қоғамның тұрақтылығын орнықтыруда, жастарымыздың бойында ұлтжандылық қасиеттерін қалыптастыруда үлестеріңіз зор.

Халықты ынтымақ пен бірлікке үндеп, дұрыс жол сілтеп, өңір дамуына да сүбелі үлес қосып келесіздер. Әрбір ұрпақтың аға буын алдындағы азаматтық парызы болады. Бүгінгі шарамыз да осы ізгі істің жалғасы болмақ.

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ардагерлерді назардан тыс қалдырмауға бағытталған ауқымды шаралар атқарылуда.  Осы ретте, біз ардагерлердің денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартуға бағытталған «Белсенді ұзақ өмір орталығының» ашылуына жиналып отырмыз. Бұл орталық барлық зейнет жасындағы азаматтарға түрлі қызметтер көрсете алады.

Сіздерді осы орталықтың жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырамын. Жаңа орталық құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аға буынның атынан көрсетіліп жатқан қолдаулары үшін мемлекет, облыс басшылығына ризашылығын жеткізсе, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ақ  батасын берді.

Бұдан соң ән-биден шашу шашылып, қонақтар орталықтың бөлімдерін аралап көріп, жұмысымен танысты.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 131 мыңға жуық қарттарымыз болса, оның ішінде 14 Ұлы Отан соғысы ардагері және 2  мыңнан аса тыл еңбеккері бар.

Орталдық директоры Олжас Ақылбаев мекемеде ардагерлер мен зейнеткерлердің бос уақытын жүйелі ұйымдастыру, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, ішкі шығармашылық әлеуетіне жағдай жасау арқылы қоғамның  белсенді өміріне тартуға негізделген қызметтер көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, мұндағы қызметтер желісінде психологиялық кеңес және тренинг, дәрігердің тағайындауы, физиотерапия, тренажерлер, массаж, тұзды шахта, нуга бест, фито бар, би, йога, шашки, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, үстел теннисі, тіл оқыту, музыка, қолөнер үйірмелері қамтылған.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.