Таразда 50 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьмен қамтылады

66

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жұмыспен қамту шаралары мен әлеуметтік қамсыздандыру бағытына арналды. Бұл жөнінде қала әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райкүл Талқанбаева баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, биыл Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында жалпы 11 794 жұмыс орнын құру жоспарланған. Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 4 451 жұмыс орны құрылып, жоспардың орындалуы 37,1 пайызды құраған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 2 297 жұмыс орнын ашу көзделсе, есепті кезеңде оныңм 1 192-сі құрылып, жоспар 46,6 пайызға орындалған.
– Сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 3 571 адам қатысып, жылдық жоспардың орындалуы қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 1 956 азамат жұмысқа орналастырылған. Бұл жоспардың 26,9 пайызын құрайды. Сонымен қатар жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қаладағы бірқатар мекемеде міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы төленбеуі және еңбек шарттарының жасалмауына қатысты мәселелер анықталды, – деді Райкүл Қаланқызы.Осыған байланысты шаһар басшысы жауапты тұлғалардың жұмысын сынға алып, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау және анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Жиында қаралған келесі маңызды мәселе – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру. Биыл оқушылардың 70 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта 1 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастаған. Жалпы алғанда, мұндай лагерьлермен 56 917 бала қамтылады.

– Жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру үшін мектеп жанындағы лагерьлер әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, 24 оқу ордасында палаткалы лагерьлер ұйымдастырылса, 21 мектепте киіз үй форматындағы лагерь жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар 33 білім ошағында түрлі шығармашылық бағыттағы лагерьлер қызмет көрсетуде.
Мектеп жанындағы лагерьлерге қамтылатын балалардың ішінде 6 980-і аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерімен 2 700 баланы қамту көзделген. Оның ішінде «Тау самалы» лагерінде – 1 149, ал «Берікқара» лагерінде 1 551 бала демалады. Бұл лагерьлерде балалардың денсаулығын нығайтуға, бос уақытын тиімді өткізуге және түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға қатысуына барлық жағдай жасалған.
Дарынды және оқу үлгерімі жоғары оқушыларды қолдау мақсатында оларды облыстық және республикалық деңгейдегі лагерьлерге жіберу жұмыстары да жүргізілуде. Білім басқармасының бөлінісіне сәйкес, жазғы маусымда «Мөлдір бұлақ» лагеріне – 30 оқушы, «Қапшағай» лагеріне – 5 оқушы, «Балдәурен» лагеріне – 5 оқушы және «Түркістан» лагеріне 5 оқушы жолданады. Сонымен қатар республикалық «Балдәурен» лагеріне 8 бала аттанды, – қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дүрия Тоғатаева.
Кеңес барысында Әулиеата және Жібек жолы аудандарындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен проб- лемалық мәселелер де назардан тыс қалмай, кеңінен талқыланды.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселе бойынша есеп алып, бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.