Тараз қаласының маңынан скифтердің қазаны табылды

172

Тараз қаласы маңындағы яғни, Бесағаш ауылындағы зираттардың бірінде б.з.д. V-ІІІ ғасырдағы сақ дәуіріндегі қазан табылды.

Ауыл тұрғыны Ертай есімді азамат қабір қазып жатқан жерден қола мен қалайы қосылған сақ мәдениетіне тән көне қазанды тауып алған. Бесағаш ауылының азаматтары табылған жәдігердің тарихын зертеп білу мақсатында археолог Сауран Қалиұлымен хабарласып, мән-жайды түсіндірген.

Тұрғындардың өтініші бойынша Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы, археолог Сауран Калиев Бесағашқа арнайы барып тарихи жәдігермен танысты.

“Бесағаш ауылының маңында зертеушілер ортағасырлық кезеңнің қалашығы деп келе жатқан Ақтөбе деген елді мекеннің орны бар. Бұл сонау Кеңес заманындағы зерттеушілері Александр Натанович Бернштамнан қалған пікірлер мен еңбектерде ортағасырлық елді мекен деп аталып тарихқа еніп келеді. Ал мына бүгінгі табылып отырған көне жәдігер ерте темір дәуіріне тән болғандықтан алдыңғы зерттеушілердің пайымына қарама-қайшылық пікір тудырып отыр. Демек, Ақтөбенің тарихы сонау ерте темір дәуірінен бастау алуы мүмкін”,- дейді археолог Сауран Қалиұлы.

Сондай-ақ археолог ғалым Сауран Қалиұлы ауыл әкімінің орынбасары мен ауыл тұрғындарына бұл жәдігерден көз жазып қалмай, сол жердегі мектептен бір бұрыш ашып, көне бұйымды сонда сақтауға кеңес берді.

“Ауылдарыңыздағы тарихи топырақтан табылған құнды дүниеден көз жазып қалмай, дереу мектептен бір мұражайлық бұрыш ашып, көне жәдігерді сонда сақтап қойғандарыңыз абзал. Бұл жер тарихи қазынаға толы мекен. Әлемдік тарихтағы орны бар Атлах шайқасы да дәл осы маңда болған. Сондықтан сіздердің ауылдарыңыздан әлі талай көне тарихи құнды жәдігерлер табылары анық. Ол жас жеткіншектер мен келешек ұрпақ үшін үлкен рухани азық болмақ”,-деді тарихшы, археолог Сауран Қалиев.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.