Өңірімізде тұңғыш рет Қарахан және Айша бибі кесенелерінің кіре берісінде туристер үшін арнайы дүңгіршіктер ашылды. Келген қонақтарға естелік кәдесыйлармен қатар облысымыздың туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпаратты қазақ, орыс, ағылшын тілінде алып оқи алады.
Аталмыш нысандардың ашылу салтанатында алғы сөзі облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Әмірқызына берілді.
– Туризм дамытудың ең басты алғышарттарының бірі – қызмет көрсету сапасын арттыру. Бұл басқарма тарапынан жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың бір тармағы. Негізгі мақсат пайда табу емес, келген туристердің көкейінде жүрген көп сауалға ұтымды жауап беріп, облысымыздың имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар, жергілікті қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, – деді басқарма басшысы.
Қаламызда алғаш рет ашылып отырған дүңгіршектің тұсауын «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайы директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков пен Қарлығаш Аралбекова кесті. Шара барысында шашулар шашылып, «Золотой караван» туристік фирмасының жетекшісі Альбина Веймерге басқарма атынан алғыс хат табыс етілді.