Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында Әбдіжаппар Әлхайдаровты еске алуға арналған мемориалдық тақта орнатылды

698
Бүгін Жамбыл облысының жақ-бет хирургиясының негізін қалаушы Әбдіжаппар Әлхайдаровтың туған күніне орай, қалалық көпбейінді ауруханасында конференция өтті. Салтанатты шараға денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова және өңірдің денсаулық сақтау ардагерлері, Ә.Әлхайдаровтың шәкірттері, туыстары, сондай-ақ онымен бірге жұмыс істеген медицина қызметкерлері қатысты.
Жанар Мықтыбекқызы атап өткендей, Әбдіжаппар Әлхайдаров – 1978 жылы Жамбыл облысында алғаш рет облыстық аурухана базасында құрылған жақ-бет хирургиясы бөлімшесін басқарған. Ол бұл бөлімде 2004 жылға дейін жұмыс істеп, содан кейін зейнет демалысына шығады.
— Білікті де білімді дәрігер ретінде ол жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы, қатерлі және қатерсіз ісіктері бар балалар мен ересектердің денсаулығын қалпына келтіруге көмектесті. Жақ-бет аймағының қабыну процестері, жарақаттар және реконструктивті, пластикалық хирургия бойынша операциялар жасады. Зейнеткерлік жасқа жеткенде де жақ-бет патологиясы бар пациенттерге емдеу-консультациялық, диагностикалық, амбулаториялық көмек және хирургиялық стоматологиямен айналысуды жалғастырды. 14 рационализаторлық ұсыныстың авторы, — деді Ж. Оспанова.
Денсаулық сақтау ардагерлері Сағындық Ордабеков пен Амантай Сартаев
Ә.Әлхайдаровтың жоғары кәсібилігі, оның тамаша ұйымдастырушылық қабілеті жөнінде және облыстың денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі туралы естеліктер мен алғыс сөздер айтты. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген оның шәкірттері ұстаздары туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Конференциядан кейін дәрігерді еске алу тақтасының ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш тақта қалалық көпбейінді ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің кіре берісіне орнатылды. Іс-шараға қатысушылар Әлхайдаров Әбдіжаппар Махмудұлының әріптестері мен пациенттерінің жүрегінде өмір сүретін тірі жадыны еске түсіретін гүл шоқтарын қойды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.