Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында еліміздің даму жолының жаңа тетіктерін айтып берді. Жаңа технологиялар қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен көш бастаған заманда тың жаңалықтың, жаңашылдықтың қоғам үшін де қажеттігін ашып берді. Елбасы: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді».
Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деген еді. Шындығында жылдың бұл бас құжаты бұған дейінгі Жолдаулардың дәстүрлі жалғасы болды. Ал мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған іргелі мақсаттарын жүзеге асыруда – көне шаһар Тараз жұртшылығы да тынымысыз еңбек етіп, бейнеттің рахатын көріп отыр. Атап айтқанда, өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама қаланың қоғамдық өмірінде белсенді жүзеге асуда. Қазір бірнеше көшеге «Ақылды бағдаршамдар» орналастырылды. Алдымен қала әкімдігінің қызметкерлері техникалық бақылау инспекциясының өкілдерімен көлік кептелісі жиі туындайтын көшелер мен қиылыстарын анықтап, зерделеді. Рас, бүгінде қалада көлік саны артып келеді. Сондықтан, тұрғындардың өмірін жеңілдетуде кей көшелердегі бағдаршамдар алынып тасталды. Яғни, бейнебақылау арқылы көше қозғалысы бақыланып, келешекте онда қандай жол белгілерін қою керек екенін нақтылайтын боламыз.
Биыл облыс орталығындағы 25 магистарльді көшенің 99 қиылысындағы бағдаршам ауыстырылады. Сондай-ақ жол белгілері де өзгертіледі. Оған 200 миллион теңге қарастырылып, бүгінде конкурсқа хабарландыру берілді. Қосымша 1470 жол белгілері ауыстырылады. Оған 13 515 мың теңге қаралды. Қазір қалада жеті ақылды бағдаршам жұмыс істеп тұр. Олар интеллектуалды басқару жүйесіне қосылған. Төле би – әл-Фараби, Жібек жолы – Самарқан, Жібек жолы – Балуан шолақ, Тәуке хан – Саңырық батыр, Жамбыл – Көшеней, Төле би – Аққозиев, Абай – Ташкент көшелерінің қиылысында орналасқан ақылды бақылаушылар жол қозғалысын реттеу мен тұрғындар қауіпсіздігінің алдын алуда тиімді екенін көрсетті. Әрине, бұл технологияның тиімділігін ескере отырып, тағы да қосымша үш көшенің қиылысына осындай «Ақылды бағдаршам» орнатамыз. Яғни, Жамбыл – Сәтпаев, Жамбыл – Ниетқалиев, Жамбыл – Сүлейменов көшелерінің қиылысына жыл соңына дейін орнатылады.
Биыл қала көшелеріндегі қауіпсіздікті реттеуге барлығы 410,0 миллион теңге бөлініп, бүгінде 89,6 миллионы игерілді. Сонымен қатар «Қауіпсіз аула» және «Қауіпсіз қала» жобалары аясында қоғамдық орындарға бейнекамералар орнатылып, 66 қылмыстың ашылуына сеп болды. Бұдан өзге 7852 әкімшілік құқықбұзушылық пен 5183 жол ережесін бұзған жүргізушілер анықталды. Қазір қалада 206 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек «Қазақтелеком» АҚ-ы облыс орталығындағы тұрғын үйлердің подъездеріне 241 бейнекамера орнатып берді. Жыл соңына дейін «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында қосымша 151 бейнекамера орнатылады. Бір айта кететін жай, қазір қала көшелерінің атаулары толық латын әліпбиімен жазылып жатыр. Осылайша, жоғары технологияларды игеру жұмысын ширата түсеміз. Жалпы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT мамандарды даярлау. Қазір Таразда облыстық балалар шығармашылығы орталығы мен №30 гимназияда екі ІТ сынып жұмыс істейді. Бұл сыныптар балалардың жазғы демалысында ашылып, қатысуға ниет еткен балалардың қатарын көріп қуандық. Елбасы «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деді. Бұл бағытта алдағы уақытта тың жобаларды қолға аламыз.
Сонымен қатар биылғы Жолдаудың сегізінші басымдығы жекешелендіру жоспарын жүзеге асыруды жылдамдату есебінен тиімді мемлекеттік басқару болып анықталды. Осыған орай, Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру жалғастырылады. Оған Тараз қаласы бойынша 6 ұйым кірді. Атап айтқанда, «Жамбыл – Тараз» газетінің редакциясы» ЖШС (10%), «Тараз Тұрғын үй» ЖШС (51%), «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС (100%), «Рауан» балалар сауықтыру лагері» МКҚК және «Болашақ» балалар сауықтыру лагері» МКҚК (мүліктік кешен), «ТаразҚұрылысПроект» ЖШС (49%). Бүгінде бәсекелес ортаға берудің межелеген жоспары орындалып, нәтижесінде қалалық бюджетке 13,0 млн теңге түсіп, сенімгерлік басқару келісімшарттарының мерзімі аяқталғаннан соң 675,6 млн теңге түседі деп күтілуде. Сонымен бірге, заңды тұлғаларды, коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның 2015 жылғы 2 сәуірде өткен кеңесінің №5 хаттамасына сәйкес, «Дзержинец» демалыс орталығы мен «Қаратау» мөлтек ауданы №39 мекенжайда орналасқан тұрғын емес жай 3 жыл мерзімге кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Нәтижесінде, сатып алудан 2019 жылы қалалық бюджетке 54,1 млн теңге түседі деп күтілуде. Объектілер мен активтерді сатуды жүзеге асыру механизмінің ашықтығын жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында барлық сауда-саттық жұмыстарын www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталымен бірлесе бірыңғай сауда алаңында электронды пішінде өткізіледі. Бұл – сауда-саттықтың ашықтығын және бизнестің «бір терезе» қағидасы бойынша ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Порталда жекешелендірудің екінші толқынымен байланысты барлық қажетті ақпаратпен бірге нысандардың атауы көрсетілген сату кестелері, инфографика және сауда-саттыққа қатысу тәртібін түсіндіретін бейне-нұсқаулықтар орналасқан.
Жекешелендірудің осы кездегі толқыны нарықтық экономиканың негіздерін берік ету мақсатында жүргізілуде және осы бағдарламаның негізгі идеясы – елдің жеке бизнесінің одан әрі дамуына серпін беру. Себебі, қазір бәсекелестік заманы.
Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ, Тараз қаласының әкімі