«ТАЛАНТ — ТАБИҒАТТАН, ТАЛАП — ӨЗІҢНЕН…»

598
Балалар туралы жазу қиын. Әсіресе әдебиетте. Ал енді балалардың жазғанын оқу қызық. Оларда үлкендерде кездесіп қалатын өтірік, артық сөз, фальш болмайды. Шынайы жазады.Балалардан үйренуге де болады. Есіме бір жағдай түсіп отыр.
«Алматы ақшамында» жүргенімде қала мектептеріндегі балаларға еркін тақырыпта шығарма жаздырдық. Балалар бізге ойыңа келмейтін қызық, қиын, тосын тақырыптар тауып берді. Сол бізге жыл бойына азық болып, тақырыптан тарықпадық.
Рас, «ең байқампаз халық — балалар, сосын суретшілер» (Шукшин). Айтпағым, таяуда Алматыдағы 33-кітапханада балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай «Талант — табиғаттан, талап — өзіңнен…» ( Мұзағаңның сөзі) атты оқушылар арасында эссе жазуға арналған байқау мәреге жетті. Жиырма жылдан бері жарық көріп келе жатқан балалардың сүйікті басылымы «Мөлдір бұлақ» журналында жыл бойына жарияланған эсселер сарапқа салынды. Он оқушы жүлделі орындарға ие болды. Күн райының күрделі жағдайына қарамастан Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Жамбыл облыстарынан, Астанадан ұстаздарымен, ата-аналарымен келген жеңімпаз балалардың жүзіндегі қуанышты көру бір ғанибет. Кездесуді ұйымдастырған белгілі қаламгерлер — Е.Айғалиұлы, Д.Байтұрсынұлы, С.Қамшыгердің еңбегі ерен. Кездесуге Мұзағаңның кенже ұлы, сәулетші Баламер (суретте) келді. Аумаған Мұзағаң. Нұрғожа Сафинаға (СҚО) бас жүлде тапсырдым.
Кездесуден тазарып шықтық. Келешек классиктермен қимай қоштастық.

Қали Сарсенбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.