Табысы аз отбасыларға ипотеканы қалай рәсімдеуге болады?

153

Алматыда табысы аз отбасыларға ипотеканы қалай рәсімдеуге болатыны айтылды деп хабарлады turkystan.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласы «Отбасы банк» АҚ директоры Данагүл Түсіпова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысты. Журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында ол табысы төмен отбасылар қандай ипотеканы ала алатынын айтты.

«Егер олар жергілікті атқарушы органдар тарапынан баспана кезегінде тұрса, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына қатыса алады. Бұл бағдарламалар үшін төлем қабілеттілігінен өтудің жеке шарттары бар, мұнда әрбір отбасы мүшесінің шығындары азырақ сомада есептеледі, сондай-ақ бұл бағдарламалар бойынша бастапқы жарна жеңілдетілген және айтарлықтай төмендетілген», – деді Түсіпова.

Сонымен қатар спикер «Отбасы банк» арқылы жастар үшін қандай тиімді мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді екенін айтты.

«2017 жылдан бастап қаламызда «Алматы жастары» жеңілдетілген бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол барлық өңірлерде аймақтық бағдарламалардың іске қосылуына негіз болды. «Елорда жастары», «Алатау жастары» бағдарламалары бар. Мұнда әр аймақта несие беру шарттары әртүрлі. Мәселен, «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша білім, денсаулық сақтау, мәдениет, БАҚ, спорт, ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары сияқты жеті салада еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жастарға несие беріледі. Биылғы жылға өзгерістер жоспарланып отыр, енді әкімдіктің мақұлдауын күтіп отырмыз. Бағдарламаның басталғанын кейін  хабарлаймыз. Біз 1100 азаматқа несие беруді жоспарлап отырмыз, бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 10%, пайыздық мөлшерлемесі – 5», – деді ӨКҚ спикері.

Сондай-ақ Данагүл Түсіпова «Отбасы Банк» банкінде депозит ашқанда қызметкерлер келісім-шарт сомасын, яғни клиенттің болашақта тұрмыс жағдайын жақсарту үшін пайдаланғысы келетін соманы анықтайтынын айтты. Оның ең төменгі құны – 500 АЕК, қазіргі уақытта 1 750 000 теңге, ал ең жоғарысы – 200 миллион теңгеге дейін. Клиент келісім-шарт сомасының 50%-ын жинауы керек.

https://turkystan.kz/article/218162-tabysy-az-otbasylarga-ipotekany-kalay-resimdeuge-bolady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.