Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дей келе туған жердің мәні мен маңызына айрықша тоқталған болатын. Міне, сондан бергі бір жылдан аса уақыт еншісінде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Әр өңір, әр ауыл өзінің түп тарихын түгендеп, біртуар перзенттерін қайта жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіруге кірісті.
Көкдөнен ауылында ашылған Нусиратула Тойғанбеков атындағы аллеяны да рухани жаңғыру аясындағы айшықты істердің бірі десек, қателеспейміз. Еңбек жолын 1970 жылы Ленин атындағы колхозда тракторист болып бастаған Нусиратула Тойғанбеков ІІ және ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқ
орденінің иегері, 15 мәрте егін орағының жеңімпазы болып, жемісті еңбек етті. «Орнында бар оңалар» демекші, 2016 жылы 63 жасында өмірден өткен еңбек ардагерінің ұл қыздары әкелеріне арнап аллея ашуды жөн көріпті. Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп жанынан ашылған аллеяның басы-қасында жүріп, бастамашы болған Үтілді Тойғанбековтың айтуынша бауыры Нусиратуланың өмір жолы еңбекпен өрілген екен. Аллеяның ашылу салтана тында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тлепов «Жүрегі елім деп елжіреген әрбір азамат еліне адал қызмет ете жүріп, елінің дамуы мен көркеюіне өз үлесін қосса
қуанарлық та мақтанарлық жайт. Нусиратула Тойғанбеков секілді азаматтардың игі істерін көру әр адамға ерекше күш беріп, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні анық» деп оның еңбек жолы мен жетістіктерін сөз етсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ел арасында Мүсәт аталып кеткен азаматтың азаматтық келбетін, адами болмысын аша түсті. Сол секілді сөз сөйлеген «Құлан дән» несие серіктестігінің төрағасы Рахманалы Әбдіқадыров, Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Махаметкерімов, бауыры Үтілді Тойғанбеков пен ауыл қариясы Жұмағали ақсақал да еңбек ардагерінің жүріп өткен еңбек жолына жан-жақты тоқталып, игілікті істің көпке ортақ екенін жеткізді.
Салтанатты жиыннан соң аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тлепов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов аллеяның лентасын қиды.