Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 2 ақпандағы жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын бекітілген болатын. Құжатта ағымдағы жағдайға талдау жасалып, алдағы жылдарда шешілетін міндеттер айқындалған.
Аталған стратегиялық маңызы зор құжатты түсіндіру және талқылау, ҚАЖ мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүйелеу мақсатында Жамбыл облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде арнайы жиын өтті. Бейнебайланыс форматында өткен басқосуға департамент бастығы, әділет полковнигі Нияз Рыспаев, департамент қызметкерлері және департаментке бағынысты мекемелердің басшылығы қатысты.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің превенция басқармасының бас маманы Айбек Әжібаев сөз алып, тұжырымдаманың мән-маңызына тоқталды.
– Аталған құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың жолдарын ұсынады. Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі әрекеттен қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, халықтың сыбайлас жемқорлықтың кез келген түрінен бас тартуына, алдын алу шараларының басымдығына көшуді мақсат етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бірінші кезекте тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталады деп жоспарлануда. Тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлық экономикалық және беделі жағынан тиімсіз болатын жағдайларды жасауға бағытталған, – деді Айбек Итқараұлы өз сөзінде.
Сондай-ақ, жиын барысында сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі және кез келген дамыған қоғамда жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бірден-бір күрделі және маңызды мәселе екені айтылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің өздеріне жүктелген қиын да жауапкершілігі мол қызметтерін адал атқаруы үшін сыбайлас жемқорлық тақырыбында сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп тұруы аса маңызды екені айтылды.