Тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Ұлттардың арасын байланыстыратын, адамдардың қатынасын қалыптастыратын-спорт. Бұл-осы саланың дамуына үлес қосып жүрген спортшыларға және салауаттылықты тұрақты өмір салтына айналдырған азаматтарға ортақ мереке.
Айтулы күнге орай аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков спорт саласының қызметкерлері мен спортшыларды қабылдап, жылы лебізін білдірді.
-Бүгінде елдегі спорт саласының дамып-өркендеуі үшін мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Ауданымызда да бұқаралық спортты дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауда көп көңіл бөлінуде. Жаңа спорт нысандары салынуда. Олардың материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылуы жылдан жылға жақсарып келеді. Мұның барлығы спортпен шұғылданушылардың қатарын арттырып қана қоймай, аудан спортшыларының жоғары жетістікке жетуіне жағдай жасайды,-деген Нұрбол Әбдімәжитұлы жиылғандарды Спорт күнімен құттықтады.
Сондай-ақ, Нұрбол Жүнісбеков мерекеге орай аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматқа Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Жалпы аудан көлемінде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде олардың саны 19 мың 829 адамды құрайды. Бұл аудан халқының 40,6 пайызы.