ШЫҒАНАҚ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ БОЙ КӨТЕРДІ

159
Мешіт – адамды имандылыққа бастайтын орын. Ал, бақыттың негіз иманда екені белгілі.
Бүгінгі таңда ауданымызда 17 мешіт үйі бар.
Бүгін Қамқалы ауылдық округіне қарасты Шығанақ ауылында жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Бұл игілікті шараға қонақтар мен ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
Алдымен Тараз қаласынан келген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев арнайы Құран бағыштады. Ислам діні туралы және Ислам дінін нығайтуда, адамзатты имандылық пен адамгершілік қасиетке тәрбиелеудегі мешіттің маңыздылығына тоқталды.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
— Имандылықпен берік үндес адамгершілік пен бауырмалдық, қарапайымдылық пен кішіпейілділік – ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы. Оны бүгінгі ұрпақтың өмір салтына айналдыруда имандылық үйлерінің алар орны ерекше. Жастарды жат діни ағымнан сақтау жолында және халықтың діни рәсімдерін сауатты атқаруда мешіттердің еңбегі зор. Бүгінгі есігін жамағатқа айқара ашқан жаңа мешіт те ауылымыздың көркіне көрік қосып, имандылықтың ордасына айналатындығына сенімдіміз. Жаңа мешіттің құрылысын жүргізуге ат салысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін,—деген аудан басшысы жаңа мешіт асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналуына тілектестігін білдірді.
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев және ауыл қариясы Ахметжан Баушенов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
Мешіт құрылысын жүргізген, жеке кәсіпкер Нұрболат Жусанбаев сөз алып, алдағы уақытта да ауылдың игілікті шараларына ат салыса беретіндігін жеткізді.
Жаңадан бой көтерген имандылық үйіне кірген көпшілік жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас тигізіп, Аллаға құлшылық етті.
Мешіттің ашылу құрметіне орай ұйымдастырылған спорттық (футбол, арқан тарту, қошқар көтеру т.б) шаралар көкпар ойына жалғасты.

 

Сарысу ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.