Шетелдік жүргізушілерді тонаған үш күдікті ұсталды

97

Атырауда жол бойында шетелдік жүргізушілерді тонаған үш күдікті ұсталды. Күдіктілер қамауға алынды деп хабарлады turkystan.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тонау дерегі 21 ақпанда тіркелген.

«Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осы дерекке қатысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Аталған ауданның 18 және 20 жастағы үш тұрғыны 21 ақпанда «Атырау-Ақтау» тас жолының «Доссор-Құлсары» учаскесінің 8-шақырымы тұсында Өзбекстан Республикасының азаматтарын тонағаны анықталды. Күдіктілер тапаншаға ұқсас затпен шетелдіктерді қорқытып, 4 мобильді телефон мен 1 мың Ресей рубльін тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір жол бойында шетелдіктерді тонаған үш күдікті ұсталды. Үш күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігімен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып не осындай күш қолдану қатерін төндіріп тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды.

https://turkystan.kz/article/215353-sheteldik-zhurgizushilerdi-tonagan-ush-kudikti-ustaldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.