«ШЕРАҒАНЫҢ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚҚАНДАР»

153

Әулиеата өңірінде Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күні аталып өтті.

Ш.Мұртаза атындағы Руханият орталығының ұйымдастыруымен «ШЕРАҒАНЫҢ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚҚАНДАР» тақырыбында Республикалық әдеби кеш өтті. Аталған кешке редакторлардың редакторы Ш.Мұртазамен қызметтес болған, өздерін «Шерағаның шекпенінен шыққанбыз»,- деп санайтын көрнекті журналистер мен жазушылар қатысты. Атап айтар болсақ, жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, журналист, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметова, ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, публицист-жазушы Талғат Айтбай, журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, ҚР Ақпарат саласының Гүлзейнеп Сәдірқызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Мендеке, жазушы, журналист, Қазқтанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз, жазушы, журналист, «Жалын» журналының Бас редакторы Құдияр Біләл және Шерағаның көзмоншағы Алма Мұртаза қатысты.

Шерхан Мұртазаның туған жеріндегі шаңырағында өткен бұл әдеби кеште «Шерағаның шекпенінен шыққандар» деп аталатын жаңа кітаптың таныстырылымы өтіп, қаламгер туралы көптеген естеліктер айтылды. Сондай-ақ, қонақтардың тарапынан жазушының мұраларын насихаттау бағытында бірнеше ұсыныстар айтылып, қарар қабылданды.

Айта кетейік, «Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлерге Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай шекпен жауып, құрмет көрсетті.

Кеш соңында көркемсөз шебері, халықтың қалаулысы болған Шерағаның рухына құран бағышталып, ас берілді.

Ғазиза Ақмахан, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.