Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, ауданымызда көптеген спорт нысандары ашылып, тұрғындар игілігіне берілуде. Жақында Темірбек ауылдық округіне қарасты «Шахан» ауылында шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Алдымен Мемлекеттік Туымыз көтеріліп, Гимн орындалды. Бұдан соң футбол алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков қатысып, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары, осы топырақтың алыс-жақындағы түлектерінің демеушілігімен қолданысқа беріліп отырған спорт алаңының ашылуымен құттықтады. Қазақ футболы тарихында қақпаға 100 доп соққан алғашқы қазақ ойыншысы, облыстық «Тараз» футбол командасының бас бапкері Нүркен Мәзбаев балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында ел игілігіне берілген спорт алаңы- ауыл халқының бірлігі мен ынтымағын көрсетіп отырғанын, осы ауылдан даңқты спортшылар шығатындығын жеткізді. Балаларға теңбіл доп сыйға тартты. Шахан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырықбай Айнақұлов тұрғындарды қуанышпен құттықтай отырып, осы ауылдың тумасы, ақын Қасқырбай Нарбатырдың бастамасымен қолға алынып, үш айдың ішінде бой көтерген нысанды іске қосуға үлестерін қосқан ауылдастарына, қалталы азаматтарға алғысын білдірді.
Мұнан кейін жарқын іске үлестерін қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, ауылдық округ әкімінің Грамотасы табыс етілді. Айрықша еңбек сіңіргендердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді. |
Гүлшахар Әбдіқұлова, Байзақ ауданы