Шағын футбол алаңы пайдалануға берілді

71
Республика күні қарсаңында, Диқан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе елді мекенінде жеке кәсіпкер Асылбек Жантаевтың демеушілігімен шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов қатысып, аймантөбелік ағайынды қолданысқа беріліп отырған спорт алаңының ашылуымен құттықтады. Талғат Салқанұлы балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында ел игілігіне берілген спорт алаңы – ауыл халқының бірлігі мен ынтымағын көрсетіп отырғанын, осы ауылдан даңқты спортшылар шығатындығына сенімін жеткізді. Диқан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев, «Қосы батыр» қоғамдық қорының алқа мүшесі Құрал Ақбаев жеке кәсіпкер Асылбек Жантаевтың айтулы мерекеге орай, ауыл жастарының игілігіне ұсынып отырған заманауи үлгідегі спорт алаңшасын пайдалануға бергеніне алғыстарын білдірді.
Спорт алаңшасының лентасын аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, ауыл қариясы Сайдәзім Жананов қиды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашқан соң футбол алаңшасындағы ең бірінші футбол ойыны да басталып кетті. Ауыл жастары мен мектеп оқушыларынан жасақталған командалар арасындағы ойын тартысты өтіп, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тағайындаған Кубок, медальдар табыс етілді.
Шара соңында әруақтарға құран бағышталып, көпшілікке ас берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.