1991 жылы Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды.
Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 32 жыл толды.
Бүгін Жаңатас қаласындағы «Данқ» монументінің алдында митинг ұйымдастырылып, гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Митингке аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып сөз сөйледі.
— Бүгінгі Қазақстан-ядролық қаруға қарсы күрестің әлем мойындаған көшбасшысы. Еліміз 2009 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясына 29 тамызды «Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні» деп жариялауды ұсынды. Ұсыныс Ұйым тарапынан қолдау тауып, жыл сайын бұл күн кең көлемде аталып өтіліп келеді. Семей полигонындағы сынақ зардаптарын жоюға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен азаматтар әскери борышын өтеуге жіберілді. Біздің ауданнан да Семей полигонында әскери борышын өтеуге азаматтар қатысты. Бұл ардагер ағаларымыздың ядролық зардаптарды жоюдағы ерліктерін терең түсіне отырып, құрметтеу және бағалау біздің парызымыз,-деген аудан басшысы митингке жиналғандарды және Семей полигонының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерді осынау айтулы күнмен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.
Бұдан кейін, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, «Таң нұр Семей полигоны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ізтай Орынтай құттықтау сөз сөйлеп, ыстық лебіздерін білдірді.
Митингіге жиналғандар Семей полигонындағы ядролық сынақтарға қатысып, зардап шегіп, мезгілсіз қайтыс болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Бір минут үнсіздіктен соң ескерткішке гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетілді.