Сайлауалды бағдарламаның орындалуы – басты назарда

186

Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық және  жергілікті Жол карталарын орындаудың барысы қаралды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев баяндама жасап, маңызды құжатты іске асырудың қазіргі аяқ алысына, өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын республикалық бағдарламада 4 бағыт бойынша 362 іс-шара қарастырылған. Оның 320-ы  жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Ал 121 индикаторлық көрсеткіштен тұратын облыстық, аудандық Тараз қалалық Жол карталарда дамудың негізгі 7 бағыты анықталған.

– Республикалық Жол картасы аясында облыс алдына 5 жыл ішінде мынадай негізгі міндеттер қояды. «Барлығына бірдей мүмкіндіктер» бағыты бойынша өңірде 33,9 мың пәтері бар  тұрғын үй салу,апатты және үш ауысымды мектептердің орнына 44 жаңа мектеп салу, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 358 мектепті жаңғырту межелеген. Сондай-ақ ауыл мектептерін толықтай жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және балаларды қорлаудан, интернет – қудалаудан, жыныстық қылмыстардан және суицидтен қорғау бойынша  шаралар қабылдау жоспарланып отыр. Ал  «Интеллектуалды, дені сау және үнемді ұлт»  бағыты бойынша облыста  алдағы 5 жылда 36 мәдениет нысаны салынып, 32 күрделі жөндеуден және  74-ін ағымдағы жөндеуден өткізіледі. 2024 жылға қарай Тараз қаласында 450 төсектік көпбейінді аурухана  пайдалануға беріледі.

«Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы»  бағыты аясында агроөнеркәсіптік кешенде 45 инвестициялық жобаны іске асырылып, Шу ауданында көлемі 23,7 мың м2 көтерме-тарату орталығы салынбақ.

«Есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар»  бағытымен жергілікті полиция қызметінің жұмысында «қадамдық қолжетімділік полициясы» қағидатын енгізу үшін 27 модульдік стационарлық полиция бекеті және 25 учаскелік полиция пункті салынады, – деді Талғат Шариұлы. Өз сөзінде облыс әкімі жергілікті сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол карталарындағы басымдықтарға да тоқталып өтті. Сондай-ақ Талғат Шариұлы Жол картасындағы жекелеген көрсеткіштерге қол жеткізудегі өзекті мәселелерге баса назар аударды.

 Қазақстан Республикасының ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен біздің өңірімізге 5 жыл ішінде жалпы көлемін 3920 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді пайдалануға беру міндеттелген. Оның ішінде 2021 жылға 650 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Биылға жоспарланған көрсеткішті орындау үшін облыста тұрғын үй құрылысының көлемін 2200 шаршы метрге   ұлғайту қажет.

Сол секілді ҚР Білім және ғылым министрлігімен 5 жылда облыста 44 мектеп салуды міндеттелген. Ал облыстық Жол картада бар болғаны 4 жаңа мектеп салу жоспарланған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен де  облыс  бойынша 33 мәдениет нысанының құрылысы қарастырылған, – деді Талғат Шариұлы.

Келер сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасарлары Ұлан Жазылбек, Алмас Мәдиев, Берік Нығмашевтер де өздері жетекшілік ететін саладағы Жол картасына енген басымдықтар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ олар картамен межеленген кейбір міндеттерді орындауға қосымша қаражат қарастыру мәселесін шешуге облыс әкімінің ықпал етуін сұрады.

Жиында сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев,  Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов және  Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет те сөз сөйлеп, жергілікті Жол карталарын іске асыру жайына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы халыққа берілген уәденің   орындалуының кепілі екендігін  баса айтты. Сондықтан да өңір басшысы ондағы әрбір көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында салалық басқарма басшыларын, Тараз қаласы мен аудан әкімдерін жауапкершілік жүгін жете сезінуге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.