Бүгін таңертеңнен бастау алған ауданның 95 жылдық мерейтойы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиынға ұласты.
Салтанатты жиын ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының және атақты Майкөт ақынның өмірінен сыр шертетін театрландырылған көрініспен басталды.
Жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйледі. Өз сөзінде ауданның тарихына, осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері мен атқарылып жатқан және алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталған аудан басшысы ауданның 95 жылдық мерейтойына арнайы қатысып отырған қонақтарға, ел азаматтарына ризашылығын білдірді.
Содан кейін аудан басшысы Сәкен Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков бір топ мерейтой қонақтарын, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтарды, ауданнан шыққан мәдениет және өнер қайраткерлерін «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медальмен марапаттады.
Ауданның бұрынғы басшылары және Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан келген қонақтарға аудан жұртшылығы атынан арнайы сый-сыяпаттар табыс етті.
Шара барысында жиналғандарға Сарысу ауданның 95 жылдығына орай дайындалған деректі фильм көрсетілді.
Салтанатты жиында ауданнан шыққан, республикаға танымал өнер қайраткерлері әсем әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.