Рыбакина Miami Open турнирінің жартылай финалына шықты

102

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Майами WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты деп хабарлады  turkystan.kz.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін бір-бірімен кездеспеген еді.

Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек жарақатына байланысты Майами мастерс турниріне қатысудан бас тартқаннан кейін италиялық теннисшінің жарыс барысында жолы болғандай еді. Бірақ оның төртінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің чемпионы, латвиялық Елена Остапенконы жеңіп кетуі М.Тревизанның оңай шағылатын жаңғақ еместігін танытты.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Е.Рыбакина қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік бермей, өзі сондай сәтті құр жібермеді – 3:1. Дегенмен М.Тревизан да қарап қалмай, брейкпен есепті қысқартқанымен, Елена сол бойда қарымта қайырды – 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.

Қазақстандық теннисші екінші сетті брейкпен бастап, бет қаратпады – 6:0.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін өз пайдасына жазды. Қарсыласы 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) ғана көзге түсті.

Осылайша, қазақстандық спортшы биыл қатарынан 12-інші жеңісіне қол жеткізді. Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе рейтингте 26-сатыдағы ресейлік Анастасия Потапованың біреуімен таласады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.