Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығындағы екі қазандықтан өрт шықты деп хабарлады turkystan.kz.
Бүгін Риддердегі жылу электр орталығындағы екі қазандықта өрт шықты. ШҚО әкімі Даниал Ахметов бірден қалаға барып, шұғыл жиналыс өткізді.
«Орталықтың жаңа иелері өздеріне жүктелген жауапкершілікті арқалай алмай жатыр. Технологиялық процестер бұзылған, инженерлік бақылаудың болмағаны анық. Қаңтар айынан бастап жаңа инвесторлар жабдықтарды жөндеуге, дебиторлық берешекті, отын жеткізушілер алдындағы борыштарды өтеуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат салған жоқ. Нәтижесінде, тағы бір төтенше жағдай болып отыр. Абырой болғанда, жабдыққа айтарлықтай зақым келтірілмеді. Қазір екі қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, тағы екеуі қыздырылуда», – дейді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, қаладағы үйлерде жылу температурасы біршама төмендеді. Бірақ бұл уақытша ғана, бүгін жылу температурасы қайта көтеріледі.