РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТКІЗІЛДІ

313
Бүгін Тараз қаласының орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілері 18,0 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,0 тонна шұжық пен 7,3 тонна сүт өнімдері, 7 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4,0 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 4,0 тонна балық, 6,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 123,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін төмен бағамен ұсынды. Мәселен, жылқы еті — 2500, сиыр еті — 2200, қой еті — 2000, сүт өнімдері түрлеріне қарай 270-1000 теңге және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 60-270 теңге аралығында саудаланды.
Талас ауданынан келген «Бекен» шаруа қожалығының басшысы Нұржаппар Исахметовтің айтуынша мұндай жәрмеңкелер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей халыққа сатуға көп септігін тигізеді екен. — Себебі, біздің өнімдеріміз ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдер. Ал, мұндай өнімдер ешқашан халықтың сұранысын төмендетпейді — дейді қожалық басшысы.
Ал, қала тұрғыны Мереке Дарханқызы «Мұндай жәрмеңкелер біздің қалтамызға өте қолайлы. Мысалы, пияздың келісін – 60 теңгеден алсам, сәбізді – 80 теңге, картопты – 100 теңгеден және қантты 480 теңгеден сатып алдым. Басқа сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір тиімді. Сондықтан мұндай жәрмеңке жиі болып тұрса біз тек қуанамыз», — дейді.
— Негізі жәрмеңкені жиі өткізу тауар өндірушіге де, тұтынушығы да өте тиімді. Ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді төмен бағада өткізудің және бағаны тұрақтандырудың ұтымды жолы осы, — деп атап өтті жәрмеңкеге арнайы келіп, тауарлардың сапасы мен қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.
Жалпы қолжетімді бағаға азық-түлік алып, жәрмеңкеге көңілдері толған шаһар тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.