Ресей Сириядағы мақсатына жетті, Башар Асад мәлімдеме жасады, Грузияда жаңа президент сайланды: Әлемде не болып жатыр
Грузияның жаңа президенті
Михаил Кавелашвили Грузия президенті болып сайланды. Оған 224 депутат дауыс берген. «Халық күші» партиясының мүшесі, 53 жастағы Кавелашвили мойындалмаған сайлауда мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер болды.
Грузияда тұңғыш рет президентті халық дауыс беру арқылы емес, 300 сайлаушыдан тұратын сайлаушылар алқасының мүшелері сайлады. Алқаның құрамына Грузия парламентінің 150 депутаты, Аджария жоғарғы кеңесінің 21 депутаты, Абхазия жоғарғы кеңесінің 20 өкілі және аудандық, қалалық кеңестердің 109 депутаты кірді.
Сайлау парламент ғимаратында өткен. Сайлау бюллетенінде бір ғана үміткер болды.
Премьер-министр Ираклий Кобахидзе брифингте Кавелашвилиді құттықтап, жаңа президент Грузияның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Грузияның алтыншы президенті бес жыл мерзімге сайланды. Билік партиясы жаңа президентті ұлықтау рәсімін 29 желтоқсанда өткізуді жоспарлап отыр.
26 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесін мойындамаған оппозиция өз кандидаттарын ұсынбады және сайлауға қатыспады. Оппозиция заңсыз парламенттің президентті сайлауға құқығы жоқ деп есептейді.
Бұл ретте Грузияның бесінші президенті Саломе Зурабишвили бұл сайлауды «арандатушылық» деп атады. Оппозиция сияқты ол да парламентті легитимсіз деп санайды және елде жаңа парламенттік сайлау өткізілмейінше отставкаға кетпейтінін мәлімдеді.
Михаил Кавелашвили кім?
Фото: Reuters
Михаил Кавелашвили – бұрынғы футболшы, Грузия ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы, Тбилиси «Динамосының», «Манчестер Сити», «Спартак-Алания» футбол клубтарының бұрынғы ойыншысы.
Михаил Кавелашвили 1971 жылы 22 шілдеде Грузин КСР-нің Болниси қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Тбилиси мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түскен, алайда оқуын аяқтамаған.
2016-2020 жылдары Кавелашвили Грузия парламентінің 9-шақырылымында «Грузин арманы – демократиялық Грузия» блогынан депутат болып сайланған. Экс-футболшы спорт және жастар істері комитетінің төрағасы қызметін де атқарған.
2022 жылы ол екі әріптесімен бірге «Грузин арманы» партиясынан ресми түрде бөлініп, «Халық күші» қоғамдық ұйымын құрды. Дәл осы қозғалыстың депутаттары «Грузин арманы» партиясымен бірлесе отырып “шетелдік агенттер” туралы заң жобасын дайындаған.
2024 жылы «Халық билігі» партияға айналып және парламент сайлауында «Грузин арманы» партиясымен бірге әрекет етті.
Еуропалық интеграцияны тоқтату туралы үкімет шешімі
Грузия үкіметі Еуроодақпен (ЕО) келіссөздерді 2028 жылдың соңына дейін тоқтатқанын жариялағаннан кейін Грузияда наразылықтар басталған.
Бұған дейін Грузия премьер-министрі Кобахидзе кейбір еуропалық саясаткерлер Грузияның ішкі істеріне араласып, Тбилисиді бопсалап жатқанын мәлімдеген еді.
Грузиялық ақпарат құралдары үкіметтің еуроинтеграцияны тоқтату туралы шешімінен кейін Грузияның АҚШ, Нидерланды, Литва, Болгария және Оңтүстік Кореядағы елшілері қызметінен кеткенін жазады.
Украина президенті Владимир Зеленский Грузия билігінің 19 өкіліне, оның ішінде премьер-министр Ираклий Кобахидзеге және биліктегі «Грузин арманы» партиясының жетекшісі Бидзина Иванишвилиге қарсы санкция салу туралы жарлыққа қол қойды. АҚШ мемлекеттік департаменті де Грузияға қарсы қосымша санкциялар енгізуге рұқсат берді.
Ресей Сириядағы мақсатына жетті
Фото: theins.ru
Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің Сириядағы өз мақсаттарына жеткенін мәлімдеді.
«Сириядағы қазіргі жағдайды Ресей Федерациясының жеңілісі ретінде көрсеткісі келетіндер бар. Бұл дұрыс емес. Біз Сирияға Ауғанстандағыдай террористік ел құрылмасын деген оймен келдік. Жалпы, біз мақсатымызға жеттік», – деді Путин.
Путин Сирияда Асад режимі құлағаннан кейін Ресей Федерациясы Хмеймимдегі әскери базадан төрт мың ирандық жауынгерді Тегеранға тасымалдағанын атап өтті.
«Егер бұрын, ирандық достарымыз өз бөлімшелерін Сирия аумағына көшіруге көмектесуді сұраса, енді олар бізден Сиридядан шығаруды сұрады. Біз 4 мың ирандық жауынгерді Хмеймим базасынан Тегеранға жеткіздік», – деді Путин.
Ол ирандық әскери бөлімшелердің бір бөлігі Ливанға, ал кейбіреулері Иракқа кеткенін де мәлімдеді.
Сондай-ақ Ресей президенті Башар Асад және оның отбасымен әлі кездеспегенін, бірақ кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.
Ресейдің Сириядағы әскери базаларының тағдыры не болмақ?
Фото: АА
Путин Ресейдің Сириядағы әскери базаларын сақтап қалу мүмкіндігіне қатысты да пікір білдірді.
«Біз ондағы жағдайды бақылап отырған барлық топтармен, аймақтағы барлық елдермен байланыстамыз. Олардың басым көпшілігі Сириядағы әскери базаларымыздың сақталуына мүдделі екендерін жеткізді. Нақты ешнәрсе айта алмаймын. Қазір осы елдегі жағдайды бақылайтын саяси күштермен қарым-қатынасымыз қалай өрбитініне мән беруіміз қажет. Әскери базаларымыз қалатын болса сол елдің мүддесі үшін әрекет жасаймыз», – деді Путин.
Ресей басшысы Ресейдің Сириядағы әскери базаларын қалай пайдалана алатынын да айтты.
«Біз қазір әскери базалардың тиімді түрде пайдаланылуын қарастырып жатырмыз. Мысалы, гуманитарлық жүктерді жеткізу үшін Хмеймим әуе базасын пайдалануды ұсындық», – деді Путин.
Башар Асад мәлімдеме жасады
Фото: ТАСС
Осы аптада Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад Сириядан кеткелі бері алғаш рет мәлімдеме жасады.
Башар Асад өзінің телеграм-арнасындағы мәлімдемесінде Сириядан кетуге алдын ала дайындалмағанын және 8 желтоқсанға дейін Дамаскіде болғанын айтты.
«Сириядан жоспарсыз кеттім. Мен Дамаскіде 2024 жылдың 8 желтоқсанына дейін болып, қызметімді атқаруды жалғастырдым”, – деді Башар Асад.
Башар Асад төтенше жағдай кезінде отставкаға кету немесе пана іздеу мүмкіндігі қарастырылмағанын алға тартты.
“Жағдайдан шығудың жалғыз жолы террористердің шабуылына қарсы күресті жалғастыру болды. Сирия қайтадан тәуелсіз және азат болады деген үміттемін», – деді Сирияның бұрынғы басшысы.
Израиль әуе күштері Дамаск маңындағы әскери нысандарға шабуыл жасады
Фото: АР
Израиль әуе күштерінің ұшақтары Сирия астанасы маңындағы әскери нысандарға бірқатар шабуылдар жасады.
Соққының негізгі нысанасы Дамаскінің солтүстігіндегі қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталатын қоймалар болған. Әуе шабуылынан кейін қоймалар аймағында күшті жарылыстардың дыбысы естілген.
Сирияның адам құқықтары жөніндегі орталығының мәліметінше, әскери нысандар, зерттеу орталықтары мен электронды соғысты басқару орталығын бомбаланған.
Израиль әскерінің бас штабының басшысы Герци Халеви елдің Сирияның ішкі істеріне араласуға ниетті емес екенін, бірақ террорлық топтардың Голан жоталарында бекінуіне жол бермеуге бағытталғанын айтты.
Қарулы сириялық оппозицияның жетекшісі Ахмед аш-Шараа Израильді Сирияға шабуылдарын ақтау үшін жалған сылтаулар қолданды деп айыптады. Ол сондай-ақ оппозицияның жаңа қақтығыстарға мүдделі еместігін, елді қайта құруға ден қойғанын атап өтті.
Израиль үкіметі жексенбі күні Голан жоталарындағы елді мекендерді кеңейту жоспарын мақұлдады
Фото: Reuters
Израиль билігі Голан жоталарындағы тұрғындарын екі есеге көбейтуді жоспарлап отыр.
«Голандағы әскер санын арттыру Израиль мемлекетін нығайтады, әсіресе қазіргі жағдайда бұл маңызды. Біз аймаққа қоныс аударуды және гүлдендіруді жалғастырамыз», – деді Израиль премьер-министр Беньямин Нетаньяху.
Голан жоталары – Таяу Шығыстағы даулы аумақ. Олардың едәуір бөлігі қазіргі уақытта Израильдің, шығыс бөлігі Сирияның бақылауында. Желтоқсан айында Сириядағы саяси өзгерістерден кейін Израиль Голан жоталырындағы жерлерін кеңейте бастады.
Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёлге импичмент жариялады
Фото: АР
Оңтүстік Корея парламенті президентке импичмент жариялауды қолдады. Өткен аптада Юн Сок Ёл елге әскери жағдай енгізу әрекеті сәтсіз болды. Премьер-министр Хан Деок Су президенттің міндетін уақытша атқаратын болады.
Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс желтоқсан айының басында президент Юн Сок Ёл күтпеген жерден әскери жағдай жариялап, конституциялық құрылысты «коммунистік күштерден» және КХДР төнетін қауіптерден қорғау қажет деп атады.
Соғыс жағдайы барлық саяси әрекеттерге, соның ішінде парламент пен саяси партиялардың жұмысына тыйым салуды білдірді. Соғыс жағдайы жарияланғаннан кейін бірден 190 депутат парламентке кіріп, президенттің шешіміне тосқауыл қоя алды. Юн Сок Ел әскери жағдайды енгізгеннен кейін алты сағаттан кейін оны алып тастауға мәжбүр болды.
Оңтүстік Корея президенті қызметінен шеттетілген Юн Сок Ёл жауап алуға шақырылды
Оңтүстік Кореяда әскери жағдайдың енгізілуін тексеретін тергеу тобы келесі аптада елдің биліктен қуылған президенті Юн Сок Ёлдан жауап алуды жоспарлап отыр.
Егер Юн Сок Ёл себепсіз шақыруды елемеуді жалғастыра берсе, тергеушілер соттан оны 48 сағатқа дейін қамауға алу туралы ордер беруді сұрауы мүмкін.
Жалпы, тергеу тобы әскери жағдай бойынша шешім қабылдаған тоғыз адамнан жауап алып үлгерді.
Тергеу Оңтүстік Кореяның әскери басшылығына да қатысты. Жұма күні тергеу тобы әскери жағдайды енгізуге қатысты іс-шараларға қатысты деп айыпталған әскери барлау қолбасшылығының басшысы, генерал-майор Мун Санг Ходы тұтқындау туралы ордер беруді сұрады. Осы аптаның басында ұсталып, жауапқа тартылды.
Иранда хиджаб бойынша жаңа заңды президент қолдамады
Фото: Getty Images
Ирандағы әлемде үлкен резонанс тудырған «хиджабты дұрыс кимегені үшін» жазаны күшейту туралы заң мәжіліске қайтарылды.
Иран президенті Пезешкян өзінде қабылданған заңға қол қоюдан бас тартқан. Бұл қоғамда жанжал, наразылық тудыруы мүмкін екенін айтады ол.
«Қоғамның бірлігі мен ынтымағына нұқсан келтіретін әрекеттерге бармауымыз керек», – деді президент Пезешкян.
Президентті Иранның басқа да шенеуніктері қолдады.
Иранның Қылмыстық кодексінде хиджаб кию ережелерін бұзғаны үшін жаза қарастырылған, бірақ жаңа бастама жазалау ауқымын айтарлықтай кеңейтеді.
Иранның қазіргі Исламдық Қылмыстық кодексіне сәйкес Хиджаб киюден бас тартқандарға айыппұл салу және бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жаңа заң жағдайды тіпті қиындатады. Жаңа ереже бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Тіпті өлім жазасын тағайындауға мүмкіндік береді.
Сарапшылар заңнан кейбір тармақтар алынып тасталса да, бұл оның жазасына әсер етпейді және заң күшіне енеді, өйткені дін өкілдерінің шешімімен ол президенттің мақылдауынсыз қолданысқа енгізілуі мүмкін екенін айтады.
Еске салайық Иран парламенті тазалық пен хиджабқа қатысты жаңа заң қабылдап, қатаң киім үлгісін бұзған әйелдерге жазаны күшейтті.
https://stan.kz/news-411455/