Психологиялық-профилактикалық шара өтті

48

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 республикалық мемлекеттік мекемесінде мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Н.М.Каиповтың ұйымдастыруымен жазасын өтеп жүрген сотталған азаматтар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу және олардың эмоционалдық көңіл күйін тұрақтандыру мақсатында психологиялық-профилактикалық іс-шара өткізілді.

Іс-шара М.Х. Дулати атындағы Тараз университетімен жасалған меморандум аясындағы бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Тренингке университеттің Әлеуметтік психология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика және психология магистрі Сембаева Гульзат Пернебековна және практикант-психолог студенттер қатысып, мекеме психологтарымен бірлесе жұмыс жүргізді.

Тренинг барысында сотталған азаматтардың эмоционалдық жағдайын жақсартуға, ішкі ресурстарын дамытуға, күйзеліспен күресу дағдыларын қалыптастыруға және өмірге деген оң көзқарасын нығайтуға бағытталған психологиялық жаттығулар өткізілді. Қатысушылар өмірлік қиындықтарды еңсеру, өзін-өзі қабылдау, болашаққа сенім қалыптастыру тақырыптарында өз пікірлерімен бөлісті.

Шараның негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың психологиялық тұрақтылығын нығайту, олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету және өмірге деген құлшынысын арттыру.

Іс-шара соңында мекеме бастығы, әділет подполковнигі Б.О. Ортаев сотталған азаматтармен жүргізілген психологиялық-профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысып, кәсіби қолдау көрсеткен психолог мамандарға алғыс білдіріп, оларды мекеме бастығының Алғыс хатымен марапаттады.

Маржан Сейдуллаева,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты
№25 мекеменің аға инспектор-психологы, әділет майоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.