Президенттің 2024 жылғы Жолдауын жүзеге асыру: отын-энергетика кешенін ауқымды жаңғырту қалай жүргізілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ететін және заманауи энергетикалық жүйе еліміздің тұрақты экономикалық өсімі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартудың берік іргетасқа айналады.
Электр энергетикасы: басты міндет – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету
Электр энергетикасы саласындағы басты міндет – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қанағаттандыру.
Президенттің тапсырмасы аясында алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндеті алға қойылды. Бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде: жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғырту, энергия өндіретін жаңа қондырғылар салу, сондай-ақ гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамыту.
2023 және 2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылды.
2025 жылы тағы 621,5 мегаватт енгізу процесі жүріп жатыр, ал 2026 жылға 2 648,5 мегаватт жоспарланған.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа стратегиялық нысандар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Қызылордада қуаты 240 МВт жаңа ЖЭО салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымның тозуын төмендету: 9 жылу электр орталығы қауіптілігі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа көшті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды.
ЖЭО-ның тозуын азайту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында. Кең ауқымды жөндеу науқаны жүзеге асырылуда: 2025 жылы 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.
Қазіргі уақытта 5 энергоблок, 30 қазандық және 19 турбинада жұмыс жүргізілуде. Ал 4 энергия блогы, 15 қазандық және 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жүргізіліп жатқан шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде: құрал-жабдықты жаңғырту мен жаңарту нәтижесінде еліміздегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 ЖЭО апат деңгейі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, 3 ЖЭО сарыдан жасыл аймаққа көшті. Қазіргі уақытта «қызыл» аймақта 10 ЖЭО, сары аймақта – 17, жасыл аймақта – 10 ЖЭО бар.
Жыл сайын тозуды азайту және нысандарды қауіпті аймақтардан қауіпсіз пайдалану аймағына көшіру мақсатында ЖЭО жаңғырту бағдарламасы жүйелі түрде жалғасады.
Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 2024 жылғы желтоқсанда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (бұдан әрі – ұлттық жоба) бекітті, оның аясында ТКШ инфрақұрылымын жөндеу бойынша кең ауқымды науқанды ұзақмерзімді жеңілдікпен қаржыландыру басталды.
Ұлттық жоба электр энергиясын өндіру қуаттарын дамытуды, табиғи монополиялар саласын жақсартуды, отандық өндірушілер мен әлеуметтік осал топтарды қолдауды, сондай-ақ процестерді автоматтандыру үшін цифрлық технологияларды енгізуді қамтиды.
Бұл жұмысқа 200-ден астам инфрақұрылымдық компания тартылған.
Негізгі көрсеткіш – нысандардың тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету.
Ұлттық жобаға сәйкес 86 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тартылады. Оның ішінде: 1,6 мың шақырым жылу желілері; 77,6 мың шақырым электр желілері; 4,7 мың шақырым су құбыры желілері; 2,6 мың шақырым кәріз желілері.
Бұл апаттар санын 27%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Электр қуатын өндірудің жаңа көздерін салуға және қолданыстағы станцияларды жаңғыртуға 6,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бұл қаражат станциялардың тозуын 15%-ға төмендетуге және қосымша 7,3 ГВт көлемінде өндірістік қуат енгізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде электр энергиясын өндіретін 55 ұйым жұмыс істейді, оның 19 станциясы 65%-дан аса тозған. Электр энергиясын өндіру көлемі – 113 млрд кВт/сағ, ал тұтыну көлемі – 115 млрд кВт/сағ.
Осылайша, алдын ала болжам бойынша, алдағы бес жылда Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін энергетика және коммуналдық шаруашылық секторға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту қажет.
Осы ретте айта кетейік, қаражаттың негізгі бөлігі жекеменшік қаржы институттарынан (екінші деңгейлі банктер – ЕДБ, халықаралық қаржы ұйымдары – ХҚҰ, Өнеркәсіпті дамыту қоры – ӨДҚ) тартылады.
Жалпы қаржыландырудың мынадай тетіктері қарастырылған: тікелей қаржыландыру (ҚДБ, ЕДБ, ХҚҰ, ӨДҚ); бірлесіп қаржыландыру; облигациялар; бюджеттік несиелер; жекеменшік монополистердің капиталы; лизингтік қаржыландыру.
Әрбір кәсіпорын үшін қаржыландырудың жеке моделі әзірленеді.
Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында тарифтік әдістемеге өзгерістер енгізілді. Бұл салынған қаржының қайтарымын қамтамасыз етіп, қаржылық ағындардың қажетті деңгейін тұрақты түрде сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде тарифтерге әсерді азайтуға ықпал етпек.
Әлеуметтік осал топтар үшін тарифтік жүктемені жеңілдету мақсатында коммуналдық қызмет ақысын өтеуге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Сонымен бірге тозу деңгейі жоғары, құжаттары расталған және қаржыландыруға дайын 48 табиғи монополия субъектісі (96 жоба) қарастырылып, анықталды. Жалпы сомасы 144,5 млрд теңгеге 1 347 шақырым коммуналдық желіні жөндеу мен ауыстыру және 3 047 бірлік жабдықты жаңарту жоспарланған.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен салу аясында отандық өндірісті барынша пайдалану жоспарланып отыр.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде ТКШ өнімдерін өндіретін қазақстандық кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар шамамен 190 млрд теңге инвестиция есебінен тағы 27 жаңа өндіріс орны салынып, 3,5 мыңға жуық жұмыс орны ашу көзделген.
Пайдаланылатын отандық кәсіпорындардың өнім көлемі шамамен 4,4 трлн теңге құрайды.
Бұл тәсіл ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтып, «жергілікті» кәсіпорындардың жалпы нарықтағы орнын бекемдеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі іс-шараларды, бірыңғай платформаны қолдана отырып барлық реттелетін сатып алуларды біріктіретін қағидаларды, жүйелік оператордың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін жаңғырту процестерін автоматтандыру шеңберінде жаңа цифрлық технологияларды енгізуді және т. б. көздейді.
Мұнай-газ химиясы саласын дамыту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту жөніндегі міндеттің өзектілігіне назар аудартты.
Мемлекет басшысының шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде мұнай-газ химиясы саласын дамыту бағдарламасы іске асырылуда.
Алты ірі жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 15 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Күтілетін нәтижелер: 3500 тұрақты және 16000 уақытша жұмыс орындарын құру; өнеркәсіптік өсу және экономиканы декарбонизациялау үшін стратегиялық кластер қалыптастыру; жоғары технологиялық өнімдер ассортиментін (бутадиен, карбамид, терефталь қышқылы, полиэтилен, полипропилен және т.б.) кеңейту.
Негізгі жобалар: қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт – пайдалануға берілді; қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт – құрылыс жұмыстары жүруде, іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында, автомобиль және жеңіл өнеркәсіпте сұранысқа ие бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын және басқа да өнімдерді өндіру бойынша перспективалы жобалар пысықталды.
Кластердің орталығы болып қатысушыларға өнеркәсіптік алаңдарға, инженерлік коммуникацияларға және салықтық преференцияларға қол жеткізуді қамтамасыз ететін «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА (ауданы 3 600 гектардан астам) бекітіледі. Бүгінгі таңда АЭА-да 18 қатысушы компания тіркелген.
Газ саласы: геологиялық барлаудан терең өңдеуге дейін
Газ саласында дамудың бүгінгідей кезеңіндегі стратегиялық міндет – тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейту.
Президентіміз Жолдауында атап өткендей, саланың қуаттылығын кеңейтіп, газ тасымалдау бағыттарын әртараптандыру қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі халық пен экономиканы газбен қамтамасыз ету болып қала береді.
Былтыр бірқатар газ кен орындары пайдаланыла басталды, одан бөлек жалпы өндіру көлемі жылына бір миллиард текше метр болатын жаңа газ кен орындарын игеру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке осы жобалар толық енгізілгенге дейін ішкі нарыққа газды қажетіне қарай бөлуді, ЖЭО мен тұрмыстық тұтынушыларды көмірден газға ауыстыруға мұқият қарауды тапсырды.
Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған мен Қарашығанақта газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын жеделдету міндеті жүктелді. Қысқа мерзімде көңілге қонымды тарифтер мен көтерме бағалар белгілеуді қоса алғанда, инвестицияларды қайтаруға бағытталған пәрменді ынталандыру шаралары да енгізілуі қажет.
Үкіметтің Президент алға қойған міндеттер шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмысы биыл бекітілген «Газ саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарымен» үйлестірілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі газ өңдеу зауыттарының құрылысы жанданды:
Қашаған кен орнында 2026 жылы аяқталу мерзімімен қуаты жылына 1 млрд м3 ГӨЗ жобасы жүзеге асырылуда, сондай-ақ қуаты жылына 2,5 млрд м3 ГӨЗ жобасы пысықталуда.
Қарашығанақ кен орнында 2028 жылы іске қосылатын қуаттылығы жылына 4 млрд м3 ГӨЗ салу жоспарлануда (тауарлық газ өндірісі — жылына 3,3 млрд м3).
Жаңаөзен қаласында қуаттылығы жылына 900 млн м3 жаңа ГӨЗ құрылысы басталды.
Газдың ресурстық базасын кеңейту жөніндегі Жол картасы шеңберінде Рожков, Шығыс Өріктау және Анабай кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың мамыр айында «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды, бұл оңтүстік өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін және елдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай нығайтады.
Халықты газбен қамтамасыз етуге келетін болсақ, бүгінгі таңда Қазақстанды газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрайды, бұл 20,2 млн халықтың 12,6 млн тұрғынына газға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 2,4%-ға жоғары. 2024 жылы 4000 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 93 жоба жүзеге асырылды.
2025 жылы 300 мыңнан астам адамды газға қосуды қамтамасыз ете отырып, тағы 77 жобаны аяқтау жоспарлануда.
Цифрлық трансформация және инновациялық басқару
Жаңғыртудың маңызды бағыты заманауи — цифрлық шешімдерді енгізу. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында салада жасанды интеллект технологиялары белсенді қолданылуда.
- Электр энергетикасында ЖИ дрондары электр желілерін жедел диагностикалауға, ақауларды анықтауға және оларды алдын алуға көмектеседі.
- Жылу энергетикасында акустикалық резонансқа негізделген роботты кешендер құбырлардың күйін ішінен сканерлейді, бұл жөндеуді нақты, тиімді және тарифтік жүктемені төмендетумен жүргізуге мүмкіндік береді.
- Газ саласында ЖИ көмекші сәтті жұмыс істейді, ол фотография арқылы есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты түрде анықтайды, бұл тұтынушылар үшін үдерісті жеңілдетеді.
Аралас салаларды қамтамасыз ету және ұзақмерзімді жоспарлау
Жаһандық жобалармен қатар экономиканың негізгі секторларын қамтамасыз ету бойынша ағымдағы міндеттер де орындалуда. Мәселен, елімізде жол-құрылыс саласын отандық битуммен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілді.
Жұмыс істеп тұрған төрт зауытты жаңғырту есебінен олардың жалпы қуаттылығы жылына 1,52 млн тоннаға дейін жеткізілді, бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтейді.
2025 жылдың мамыр айында «Caspi Bitum» БК ЖШС жаңғырту аяқталды, бұл өндірістік қуаттылықты айына 50-ден 67 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Осылайша, елде битумды ішкі нарыққа жеткізу толығымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ қажет болған жағдайда 500 мың тоннаға дейінгі импорт қамтамасыз етіледі.
2025 жылғы 21 шілдеде Үкіметтің қаулысымен мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025-2040 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат көмірсутектерді өңдеу мен қосылған құны жоғары өнімді өндіруді тереңдетудің стратегиялық векторын анықтайды.
Барлық кешенді жұмыс Президент қойған басты мақсатқа — әрбір қазақстандықтың игілігі үшін жұмыс істейтін сенімді, заманауи және технологиялық дамыған отын-энергетикалық кешенге негізделген күшті және әртараптандырылған экономиканы құруға бағытталған.