Президент ірі жобаларға қатысты жұмыстардың орындалуын өз бақылауында ұстайды

37

Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

– Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады. Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айтуынша, ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады.

– «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни, Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзіне қарағанда, Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр.

– Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан, осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.