Іс материалдарына сәйкес, 14 жастағы жәбірленуші сотталушының пәтеріне күшігін алып кетуге келген. Ер адам жасөспірімді келесі күні таңғы алтыға дейін үйінде күштеп ұстаған. Ол қорқыту арқылы қызды ата-анасына қоңырау шалып, құрбысының үйінде қалатынын айтуға мәжбүрлеген. Сотталушы қызды зорлап қана қоймай, видеоға түсіріп алған.
Таңертең мектеп оқушысы бірден полицияға хабарласқан. Ер адам сол күні ұсталды.
- Барлығын видеоға түсірген: Таразда бір топ жасөспірім 12 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінді
- Павлодарда асырап алған қызын он жасынан бастап зорлаған орманшы өзін өзі атып өлтірді
Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен және сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді.
“Кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық және лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Қайырбеков.
Сот бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, жәбірленушіге моральдық шығын, 7 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында 20 жастағы қызды зорлап, азаптап өлтірген ер адам сотталғаны туралы жазған едік.