Пандустар орнату — әрбір мекемеге міндетті

488
Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мәселесі айрықша назарға алынып келеді. Мүгедектердің өмір сапасын арттыру бойынша Қаратау қаласында да бірқатар жұмыстар оңтайлы шешімін табуда.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус орнату мәселесі еліміздегі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында да анық көрсетілген. Сондықтан олардың қоғамға араласып, қажетті нысандарға емін-еркін кіріп шығуына қолайлы жағдай жасау- әрбір мекеме, ұжым басшыларының басты міндеті.

Қаратау қаласының әкімі Д.Баймбетовтың жеке қабылдауына қала  тұрғыны Н.Сыздықова Ә.Ақшораев көшесі 1А мекен-жайында орналасқан тұрғын үйдің подъезіндегі баспалдаққа пандус орнатып беру өтінішімен келген. Себебі, мүмкіндігі шектеулі, I топтағы ұлы Ш.Ділдабаевты пәтерге көтеру кезінде қиындық көруде.

Қала әкімі Д.Баймбетов, Н.Сыздықованың өтініші бойынша көпқабатты тұрғын үйдегі қол арбаға таңылған  мүгедек жанға емін-еркін көтеріліп түсуіне мүмкіндік беретін пандустың орнатылуына себепші болды.

Әдетте көптің көңілінде қалған уәде құр сөз күйінде қала ма деген күмән болуы заңдылық. Бірақ қаратаулықтардың  басым бөлігі нағыз іскер азамат ретінде танитын әкімінің былтыр ауқымды тірліктерді іске асырғанына куә болды.

Осы ретте Дархан Баймбетов «Мүмкіндігі шектеулі жандар да өзге адамдар секілді өмір сүруге құқылы. Сондықтан да олардың кез-келген әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі керек. Бұл мәселеде баршаны түсіністік танытуға шақырамын. Ол мейлі жеке кәсіпкерлік нысаны болсын, немесе білім, мәдениет ошақтары, халыққа қызмет көрсету орталықтарына мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың емін-еркін кіріп-шығуына жағдай жасау маңызды мәселе. Міне, қазіргі таңда осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бейімдеу мерзімінде атқарылған жұмыстарды бақылауда ұстап отырамыз» — деді.
Олай болса, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігіне сай жағдай жасау, оларға жәрдем қолын созу – баршамыздың міндетіміз екенін ұмытпай, игі іске жауапкершілікпен қарайық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.