ӨЗ КӘСІБІНІҢ БІЛГІРІ

64

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек-қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», — деген еді.
Еңбек адамдарына жасалған құрметтің бірі — биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы болды. Бұл қатардағы жұмысшыларға жасалған жеңілдіктің бірі деседе болады. Міне жыл басынан бері еңбек адамдары өз жауапкершіліктерін терең сезіне отырып, өз міндеттерін сапалы атқарып келеді. Ал ондай адал еңбек әділ бағаланып та жүр.
Міне сондай өз ісіне мығым, жұмысын тиянақты атқаратын еңбек адамының бірі — Сазтерек ауылдық округіне қарасты Абай ауылында тұратын Нұртай Сатинбаев. Нұртай ауылдағы алдыңғы қатарлы механизатор. Темір тұлпарды тізгіндегеніне 36 жыл болған ол өзі ұнатқан мамандықта жүріп, құрметке бөленуде.
Нұржан Тілеужанұлы 1962 жылы Абай колхозының Ақтөбе бөлімшесінде өмірге келген. Еңбек жолын 1989 жылы Абай колхозында механизатор болып бастады. Сан салалы, уақытпен санаспай жұмыс істейтін шаруашылықта жас маман 6 жыл жұмыс істеп, ысылды.
Малшы қыстауына жем, шөп тасу, жаз мезгілінде мал азығын дайындау, күзгі күйек алу мен мал төлдету науқандарында механизаторлар араласатын жұмыс көп. Олар шаруашылықтың құрылыс саласында да еңбекке араласып, ауылдағы соғылған әрбір үйлерде өздерінің қолтаңбасын қалдырды.Ал шаруашылықтар тарағаннан кейін «Жаңасаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизаторлық жұмысын жалғастырды. Мұнда да жеті жылдай абыройлы еңбек етті. 2002 жылдан бері ауылдағы аты аудан, облыс көлеміне танымал «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығында темір тұлпарын жүргізуде.
«Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығы мал өсіру, егін егумен айналысады. Алдыңғы қатарлы механизатор өзінің «К-700» маркалы техникасымен қожалықтағы малға шөп тасу, қора тазалау, көктемде жер жырту, шөп ору, бидай, арпа жинау жұмыстарынан шет қалған емес. Қожалықта 1800 гектар егістік жер болса онда арпа, бидай егіп, оны жинап алуда механизаторларға артылар жүк аз емес. Ал бұған қожалықтың 100 гектар жердегі жоңышқасын қоссаңыз жұмыс көлемі арта түсетіні айтпаса да түсінікті.
Нұртай биылғы жылдың наурыз айында зейнетке шықты. Сонда да болса өзі кәсіп еткен техникасынан қол үзбей үйренген кәсіпті шыр айналдырып отыр.
Ол қай жерде еңбек етседе тек жақсы жағынан көрініп, абыройға бөленуде. Еңбегіне қарай алған марапаттары да аз емес. Ол өзі адал еңбек етіп қана қоймай, бірнеше шәкірт даярлаған ұстаз.
Нұртай мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істейтін зайыбы Айгүл Сатинбаева екеуі еңбек ете жүріп екі ұл, екі қыздарын тәрбиелеп, өсірді. Әке- шешесінен жақсы тәлім-тәрбие алған олар бүгінде өз алдарына үйлі-жайлы болған отбасылар.
Өзі ұнатқан кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қарайтын Нұртай Сатинбаев қандай жұмыста да тек алғысқа бөленіп жүрген азамат.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.