Фото: Өскемен қаласы әкімдігі
Өткен демалыс күндері Өскемен қаласында конституция күнімен қатар қаланың құрылғанына 304 жыл толу мерейтойы тойланған. Мерейтой аясында Өскемен әкімі Жақсылық Омар қаланың тыныс-тіршілігі мен дамуына үлес қосқандарды салтанатты түрде марапаттады.
«Өскемен қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» медалімен марапатталғандардың арасында жемқорлық үшін сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан бұрынғы қала басшысын Ислам Әбішев те бар.
Ислам Әбішев 2009-2012 жылдары Өскемен қаласының әкімі болды. Осыдан кейін бірнеше жыл бойы ол ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2020 жылы Ислам Әбішев аса ірі көлемде пара алуға әрекеттенді деген айыппен кінәлі деп танылып бес жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол 2021 жылы қылмыстық істер жөніндегі соттың апелляциялық алқасының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
«Қай еңбегі үшін?”: Бүркіттің жары Аиша “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды
Экс-шенеунікті марапаттауға қатысты қала әкімдігі мәлімдеме жасады.
«Тізімге енгізу туралы ұсыныс қала жұртшылығынан, Өскемен тұрғындарынан түскен. Кезінде Өскемен үшін көп еңбек сіңірді. Оның арқасында көптеген нысандар пайда болды: орталық мешіт, мемлекеттік рәміздер тауы, амфитеатр. Оның тұсында қала келбетінде оң өзгерістер басталды, ол әлі күнге дейін халықтың есінде. Бұл ұсыныс жасалған кезде ескертілді, біз бас тарта алмадық», – делінген Өскемен қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Алайда бірнеше күннен кейін қалалық комиссияның шешімімен Ислам Әбішевке «Өскемен қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» берілген төсбелгісі қайта алынған. Өскемен қаласының әкімдігі ақпаратты растады.
«Сыйлық туралы жарияланғаннан кейін, әлеуметтік желілерде және қоғамдық пікірлерде адамдар оның сіңірген еңбегін ғана емес, сонымен бірге оның сыбайлас жемқорлық үшін сотталғанын, яғни соттың кінәлі деп танығанын айта бастады. Осы жайттардың барлығы комиссия отырысында атап өтіліп, марапаттау құжатының күшін жою туралы шешім қабылданды», – деді Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов.
Еске салсақ, бұған дейін Өскемен қаласының әкімінің тұрғындарға ән шырқап бергені туралы жазған едік.
https://stan.kz/oskemen-akimi-para-algani-ushin-sottalgan-eks-sheneunik-406272/