Облыста бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желілері бойынша бірыңғай оператор құрылады
Облыста бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желілері бойынша бірыңғай оператор құрылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Басқосуда күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасады. Ол өңірдегі электр желілерімен қамтамасыз ету бойынша толық талдау жасалғанын жеткізді.
Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық электр желілерінің ұзындығы 17030,7 шақырымды құрайды. Ал қосалқы трансформаторлар саны – 3568. Оның ішінде: бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желісінің ұзындығы 3206 шақырым, «ЖЭЖ»ЖШС-нің теңгерімінде электр желілері 13715, жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынғаны 36,5, иесіз қалғандары 73,2 шақырым.
Басқарма басшысы облыстың электр энергиясын тұтыну көлеміне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, облыста қыс мезгілінде 460-490 МВт, жаз мезгілінде 330-350 МВт тұтынса, 58-60 пайыз сырттан тасымалданады. Қалған 40 пайызы облыстағы энергия көздерінен алынады.
Сондай-ақ, жиында 2007-2018 жылдар аралығында бюджет есебінен салынған қолданыстағы электр желілері мен трансформатордың қосалқы станцияларының жартысына жуығы тозығы жеткен.
— Құрылатын бірыңғай операторды «Таразтрансэнергия» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мекемесінің балансына беру бойынша шешім қабылданды. Ол желілер мен қосалқы станциялардың техникалық жағдайын жақсартуға, күтіп ұстауға оң әсер етеді. Сонымен қатар, техникалық қызмет көрсетуге бөлінетін қаржыны да оңтайландыруға ықпалын тигізеді. Айта кету керек, «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС-нің хатына сәйкес, ағымдағы жылдың 8 қазанынан бастап тариф жеке тұлғалар үшін 3,67 пайыз, заңды тұлғалар үшін 2,77 пайызға төмендеген. Яғни, жеке тұлғалар бойынша тариф 14,95 (тг/ кВтсағ) теңгеден 14,4 теңгеге арзандады,- деген Нұрлан Жанұзақұлы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Өңір басшысы тарифтерді төмендету, ол бойынша кешенді зерделеу жүргізу керектігін ескертіп, тарифті төмендету арқылы кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканы көтеруге болатынын баса айтты. Елбасы Жолдауындағы коммуналдық қызметтер, табиғи монополияларды реттеу, тарифтерді қалыптастыру міндеттері де осы бағыттағы жұмыстарға негіз болатынын нұсқаған Асқар Исабекұлы бұл бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.