ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ АТЫНАН «ҒАЖАЙЫПҚА ТОЛЫ ЖАҢА ЖЫЛ» ШЫРШАСЫ ӨТКІЗІЛДІ

86
Дәстүрлі мерекелік шараға аудандар мен Тараз қаласынан, арнайы мектеп интернаттардан, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан 100 балақай қатысты.
Мерекелік салтанатты шарада балақайлар ертегі кейіпкерлерініңерекше қойылымын тамашалады. Ақ таяғын таянып, ақ сақалы желбіреп Аяз Ата ортаға шығып, сиқырлы таяғымен алуан түрлі ойыншықтарға көміліп тұрған жасыл шыршаның шамдарын жаққанда, үлкен залды балалардың қуанышты у-шуы кернеді.
Шырша мерекесінде жүздері бал-бұл жанған балаларға облыс әкімінің құттықтау хаты, тәттілер жиынтығы және 60 мың теңге сомасындағы сертификаттардан құралған жаңажылдық сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, 25 желтоқсан күні аудандардан келген шырша қатысушыларына арналған экскурсия жұмыстары ұйымдастырылды. Балақайлар Тараздың көрнекті жерлерін аралап, қаламызбен танысты. Алдымен А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрынан қойылым тамашалап, ерекше әсер алған балақайлар кейіннен «Тараз-Арена» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Облыс атағын асқақтатып жүрген спортшыларымыздың жаттығу алаңдарын көріп, спорт сүйер балалар шабыттанып қайтты. Бүлдіршіндердің саяхаты «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешенімен аяқталды. Орталықтағы көздің жауын алар әсем шыршамен бірнеше суретке түсіп, қонақ үйге қайтты. Кешкісін балақайларға арналған «Танысу кеші» ұйымдастырылып, балалар шаттана билеп, көңіл көтерген болатын.

Жамбыл облысының білім басқармасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.