Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындармен кездесулері жалғасуда.
Айта кетейік, ағымдағы жыл басынан бері өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 560 кездесуі өтсе, оның 24-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.
Бұл жолы аймақ басшысы Мойынқұм ауданының шалғай ауылдары Ұланбел және Қарабөгет ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.
Ұланбелдіктермен өткен жиында облыс әкімі барлық сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, ауылдықтардың сауалдарына жауап берді.
Аймақ басшысы облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді ауыз су және табиғи газбен қамту мәселесін шешу көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ, биыл облыстағы 25 елді мекенге таза ауыз су тартылып жатқанын, Мойынқұм ауданына келер жылы көгілдір отын жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті.
Басқосу барысында ауылдағы ұялы байланыс пен интернеттің әлсіздігі, ірі қара мал арасында тараған аурудың алдын алуға қатысты мәселерді шешу бойынша тиісті шаралардың жүзеге асатындығы айтылды.
— Кез келген мәселе негізінен жергілікті жерде шешілуі тиіс. Ол үшін тұрғындар мен ауыл әкімі өзара түсінісіп жұмыс істеуі маңызды. Мемлекет өз міндеттемелерін орындайды. Дегенмен бұл тұрғыда тұрғындардың да ортақ жауапкершілікті сезінуі, жергілікті билікке деген сенімі аса маңызды. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі,-деді Нұржан Нұржігітов.
Дәл осындай форматтағы кездесу Қарабөгет ауылдық округінде де өтті. Мұнда ауылдықтар жол жөндеу, малдардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын алдын алу, ағын су және тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Барлық сұрақтарға жауаптар берілді.
Аталған ауылдық округ “Ауыл аманаты” жобасының келесі кезеңіне енеді деп жоспарлануда.
Кездесулерден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.