Жамбыл облысының әкімі Мемлекеттік қызметші күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Ербол Қарашөкеев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, алғыс білдірді.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызметшілер ел дамуының қозғаушы күші екенін, бұл орайда сала мамандарына жоғары талап қойылатынын атап өтті.
— Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асқақтату.
Еліміздің өркендеуі мелекеттік қызметшінің білімі мен біліктілігіне, нәтижелі әрі ұтымды еңбегіне тікелей байланысты.
Халқымызда «Ұлық болсаң, кішік бол» — деген дана сөз бар. Мемлекеттік қызметші халыққа жақын болып, ел мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ұмытпағаны жөн, – деген Ербол Қарашөкеев мемлекетіміз бен өңірдің өркендеуіне үлес қосқан барша сала мамандарына ризашылығын білдірді.
Аймақ басшысы өз сөзінде меритократия қағидаты және Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік кадр резерві жобасына тоқталып, аталған бастамалардың мемлекеттік басқару жүйесін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сонымен бірге билік пен халық арасындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, кері байланыс жұмысын нығайтудың маңыздылығын баса айтты.
Салтанатты жиында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов сөз сөйлеп, сала мамандарына ізгі лебіздерін жеткізді.
Шара соңында бірқатар сала мамандарына «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен өңірлік департаментінің мерекелік марапаттары салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, өңірде 4500-ге жуық мемлекеттік қызметкер бар. Олардың арасында жастардың үлесі 32,6 пайызды құрайды.