Нұржан Нұржігітов Д.И. Менделеев атындағы РХТУ делегациясымен кездесті

73

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Д.И. Менделеев атындағы Ресей химиялық-технологиялық университетінің делегациясымен кездесу өткізді.

Кездесуге облыстық білім басқармасының, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының өкілдері де қатысты.

Кездесу барысында Д.И. Менделеев атындағы РХТУ мен жергілікті жоғары оқу орындары арасындағы, атап айтқанда, ғылыми зерттеулер саласындағы, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі стратегиялық әріптестік мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, облыс мектептерінде химия және басқа да жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқыту деңгейін арттыруға, мектептердің жоғары оқу орындармен және кәсіпорындармен желілік өзара байланыс желісін құруға бағытталған «Менделеев сыныптары» білім беру жобасын іске асыру мәселесі қаралды.

Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында ҰБТ тапсыратын 8694 жамбылдық түлектердің 18,5 пайызы химиялық-биологиялық бағытты таңдап отыр. Жыл сайын облыстың оқушылары химия пәнінен Халықаралық Менделеев олимпиадасына белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

Қонақтар білім беру саласын дамытудың негізгі бағыттарымен, оның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясындағы жоспарлы жұмыстармен танысты.

— Жамбыл облысының аумағында бүгінде бірнеше ірі химиялық өндіріс орны бар. Еліміздегі химиялық өнімдерді өндіру көлеміндегі өңірдің үлесі 30 пайызды құрайды. Бұл саланы одан әрі дамыту жоғары білікті мамандарды даярлап отыруды қажет етеді. Сондықтан ірі жоғары оқу орындарымен жан-жақты өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, — деді облыс әкімі.

Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының м.а Илья Воротынцев оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу үшін жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.

Іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында Д.И.Менделеев атындағы РХТУ мен М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.