Назарбаев неше рет қажылық жасады?

144

Президенттің баспасөз қызметі Қ.Тоқаев кіші қажылық жасап, Қағбаға кіргені туралы ақпарат жариялады. Мекке қаласындағы Қағбаның есігі жылына 2 рет тек лауазымды тұлғалар мен Сауд Арабия басшылығы рұқсат еткен ерекше қонақтар үшін ашылады. Ол жерге кірген адам дұға жасап, тілек тілейді. Бүгінге дейін Қағбаға Түркия, Әзербайжан, Түркменстан, Сингапур президенттері кірген. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та Қағбаға кіру құрметіне лайық деп танылған, тіпті бірнеше рет. Ол берген сұхбаттарында Қағбада «елі үшін дұға жасағанын» айтқан.

Назарбаев неше рет қажылық жасады?

Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядқа сапары барысында кіші қажылықты өтеп, Қағбаға кірген. Назарбаевтың Қағбаға барған сәті туралы 2012 жылы түсірілген «Большая политика без галстука» деректі фильмінде айтылды.

Назарбаевтың алғашқы қажылығы кезінде Қағбада жөндеу жұмыстары болып жатқан. Алайда Назарбаев Сауд Арабия королінің рұқсатымен мұсылмандар үшін қасиетті орынға бас сұғу мүмкіндігіне ие болған.

Кейін сұхбаттарының бірінде Назарбаев Қағбаға кірген кезде «халқым үшін дұға жасадым» деген.

«Меккеде Алланың үйі Қағбаның ішіне кіріп тұрғанда ең бірінші тілегім – халқыма жақсылық. Осы қиын-қыстаудан елімді аман-есен алып шығып, жақсы өмірге жетуге бізді қолдай көр дегенмін» деген экс-президент видеода.

Кейін 2013 жылы Youtube желісінде Нұрсұлтан Әбішұлының толық қажылық өтеп жүрген видеосы тарады. Видеоны жариялаған SunnaPress.com сайтының жазуынша, Қазақстан президентiнiң қажылықта жүргенiн бiрнеше адам көрген және «президенттiң төңiрегiндегi адамдар» мұны растаған. Алайда бұл туралы ресми дерек жоқ. Тек түркиялық БАҚ өкілдері Назарбаев сол жылы Меккеде болғаны туралы ақпарат жариялаған.

Тоқаевтың Қағбаға кіргені көпшіліктің есіне Назарбаевтың да қасиетті орынға барғанын түсірді. Солардың кейбірі «Назарбаев тілеген дұғасына өзі сай басшы бола алмады, Тоқаевтың да бағасын қажылыққа баруына қарап емес, президент ретіндегі істеген ісіне орай беру керек» деп жатыр.

qamshy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.