Нәтижесі мол жарқын жоба

47

«Ауыл аманаты» жобасы облысымызда табысты жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда бұл жобаның екінші кезеңі Сарысу ауданының Жайылма ауылдық округіне енген. Қазіргі күні округ тұрғындары тарапынан жобаға қатысуға 193 тұрғын өтініш білдірген. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, берілген қаражат көлемі 1,3 миллиард теңгені құрайды. Жобаға қатысуға ниет білдіріп, өтініш тастаған 193 азаматтың 148 өтінімі қанағаттандырылып, олардың есеп шотына жалпы құны 809,6 миллион теңге түскен. Қалған 27 азаматтың өтініші бүгінгі күні қаралу үстінде. Осының ішінен кешегі күні 8 өтініші қанағаттандырылып, жобаның екінші бағыты бойынша 52 миллион теңге беруге шешім қабылданыпты.

– Бүгінгі таңда ауданда жобаға қатысуға ниетті ауылдық округтердің қатары артып келеді. Бірінші кезеңі Байқадам ауылдық округінде өткен болатын. Қазір ондағы халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, әлеуметтік ахуалы тұрақтанған. Ендігі кезекте жобаға қатысып отырған жайылмалықтар да өз кәсіптерін ашып, жер телімдері мен егістіктерін игеруде, – дейді Қайрат Аманов.

Оның айтуынша, жобаның бірінші бағыты – үй іргесінде егістік жерлерді тиімді пайдалану бойынша жобаға 514 аула қатысқан. Игерілетін егістік алқап көлемін 25 гектардан 45 гектар алқапқа жеткізілген. Ол алқаптардан 524,6 тонна өнім жиналады деп жоспарлануда. Аталған бағыт бойынша кооператив 3,6 миллион теңгеге қаржыландырылып, оған Меркі ауданынан 1500 түп жеміс ағашы мен көкөніс тұқымы алынған.

Бүгінгі таңда округ бойынша 25 гектар үй іргесіндегі жер теліміне қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, қырыққабат, сарымсақ және тағы басқа көкөніс дақылдары орналастырылған. Бұдан бөлек, 70 аулада 1000 түп жеміс ағаштары отырғызылған. Бүгінде ол жеміс ағаштарының 300 түбі Байқадам, 200 түбі Түркістан ауылдық округтерінде бапталуда. Қалғаны Жайылма ауылдық округінде көктеп тұр.

Жобаның екінші бағыты бойынша 148 ауыл тұрғынына 658,8 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға округте 2236 бас мал алу жоспарланған. Оның 214 басы түйе, 438 басы жылқы, 553 басы сауын сиыр, 26 басы бұқашық болса, 1 005 басы қой-ешкі. Бүгінгі күнге 138 азамат 2169 бас мал алып отырса, оның 572 басы мүйізді ірі қара, 999 басы қой-ешкі, 421 бас жылқы, 177 басы түйе. Қалған азаматтар осы бағытта жұмыстар жүргізуде.

Үшінші бағыт бойынша ауыл сыртындағы егістік жерлер игерілуде. Кооперативке егістік жері бар 6 азамат мүше болып енген. Олардың ауыл сыртындағы егістік көлемі 248,3 гектар алқапты құрайды. Бұдан бөлек, олардың еншісінде 18,9 гектар жайылым бар. Алдағы уақытта кооператив мүшелерінің санын арттырып, егістік көлемін 558 гектарға жеткізу жоспарлануда. Бұл бағытта кооператив 23,8 миллион теңге қаржымен қамтылып, оған 45 тонна тұқым, 35 тонна жанар- жағармай алыпты.

Жалпы, бүгінгі таңда ауылдағы 12 ұсақ шаруа қожалық жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіріп, бүгінгі күні кооператив жері 300 гектар егістікке, 100 гектар шабындыққа, 10 468 гектар жайылымдық жерге ұлғайған. Осы жылы кооператив 281 гектар егістікті жыртып, оның 125 гектарына жоңышқа, 156 гектарына жүгері дақылын орналастырып, күтіп-баптауда.

Төртінші бағыт – құрылған кооперативті жабдықтауға 140,8 миллион теңге қаралып, оған 3 трактор, 1 прицепті комбайн және 16 қосалқы ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Ал, жобаның бесінші бағыты аясында кәсібін ашқандар қатары да арттып келеді. Мәселен, өз кәсібін ашуға талап білдірген 4 адамның өтініші қаралуда. Жалпы құны 40,6 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда Т.Нұрғалиеваның өтініші қанағаттандырылып, ол наубайхана ашып, жұмысын бастап кетті. Қалған үш жоба, атап айтқанда кірпіш цехын, бетон құрылыс бұйымдарын және техникалық жөндеу орталығын ашу жобалары қаралуда.

Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұловтың айтуынша, ауыл тұрғындарының құлшынысы жоғары екен. «Ауылға бұл жоба серпіліс әкелді. Әсіресе, шаруа қожалықтар мен ауыл тұрғындарының өз шаруасын жүргізуге деген құлшынысы артып отыр. Кәсіпкерлік салаға ден қойғандары да бар. Мал өсіріп, сүт және ет бағытында жұмыс істеуге ниетті ауыл тұрғындарының өзі екі жүзге жуық. Оның 80 пайызы малын алып, кәсібін бастап кетті. Қалғандары құжаттарын рәсімдеуде. Оларға қажетті жемшөп жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің техникаларымен дайындалуда. Жалпы округте 19 мың тонна жемшөп жинау жоспарланса, бүгінгі таңда оның 80 пайызы жиналды. Алқап басынан бір тайланған шөп 400 теңгеден өткерілуде. Жалпы округте бір тайланған шөптің бағасы 800 теңге. Қалған шөп қорын қыркүйек айына дейін дайындап алу жоспарлануда. Бүгінгі күні жоба аясында қаржыландыру жұмыстары толық аяқталған жоқ, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, өтініштер «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында» қаралуда, – дейді округ әкімі Жандарбек Смағұлов.

Бүгінгі таңда Сарысу ауданында «Ауыл аманаты» жобасына тағы үш ауылдық округ қосылып отыр екен.

– Биыл жобаға жаңадан үш ауылдық округ қосылып отыр. Олар Жаңаталап, Игілік, Жаңаарық ауылдық округтері. Ондағы аула саны 989, халық саны 6112 адамды құрайды. Жобаға қатысуға ниет білдіргендер аула саны 342. Бұл округтерге 1,4 миллиард теңге қаралған. Жобаның бірінші бағыты бойынша үй іргесіндегі 76 гектар жер телімін игеру көзделген. Бұдан бөлек, 9 отбасы ауласынан жылыжай салуға өтініш берген. Оның жалпы құны 49 миллион теңгені құрайды. Екінші бағыт бойынша 8370 бас мал алу көзделген. Оған қаралған қаржы көлемі 984,2 миллион теңге. Үшінші бағыт бойынша ауыл сыртындағы жер телімдерін игеру үшін 38,4 миллион теңге бөлінбек. Келесі бағыт бойынша әрбір ауылдық округте 30 ауыл шаруашылығы техникасынан алу жоспарланған. Соңғы бағытта шағын кәсіпкерлікті дамытуға 29 жоба ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған бағыттар бойынша өткізілген құжаттар «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамы тарапынан қаралу үстінде. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы аталған округ тұрғындарының әлеуметтік-экономикасы артады деген сенімдеміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов.

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.