Мойынқұмда билер кеңесі құрылды

643

Жақында аудандық сотта аудандық сот әкімшілігі мен аудандық ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен ауданымыздың бір топ еңбек ардагерлері қатысқан келелі жиын болып өтті. Онда алдымен аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев сөз алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бастамасымен Жамбыл облыстық сотының кеңейтілген алқалы жиыны өткізілгенін хабардар етті. Онда жер-жерлерде билер сотын жаңғырту мәселесі көтеріліп, қоғам арасында беделді, абыройлы, сөзге шешен, білгір де білімді, өмірлік тәжірибесі мол азаматтардан ауылдық жерлерде билер кеңесін құру ұсынылды.
— Елдігіміздің беріктігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде бүгінгі соттар кешегі өткен билердің ісін жалғастырып, ел ішінде туындаған дауларды шешуде, оны мән-мағынасы бойынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімге қол жеткізу жолдарын медиация институты арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтарымай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр. Өйткені ұлтымызға жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмытылып, құндылықтарымыздың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп бара жатқаны жасырын емес. Ал медиацияның басты мақсаты –даудағы кінәлі тарапты анықтау емес, қайта дауласқандарды ымыраға шақырып, татуластыру, екі тарапты қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу болып табылады.
Би-дау-жанжалға билік айтушы адам. Би халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білумен бірге сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде беделді тұлға болуы тиіс. Өнегелі қарияларымыз ер балаларға «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп тегін бата бермеген. Билер билік шығару және оның орындалу әдістерін белгілеуде тараптардың тең құқықтарын сақтап отыруы керек.
Дана халқымыз о баста «ел боламын десең бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық сана мен ұлттық болмысты жандандыру көзделген. Ендеше мен билер сотын жаңғырту-ол елдің рухани жаңғыруының бастамасы деп білемін. Сондықанда аудандық ардагерлер Кеңесі жанынан билер кеңесін ұйымдастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп есептеймін,-деді аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев.
-Аудандық соттың төрағасы айтқандай тәуелсіздігімізді сақтап, басымыз бүтін, төрт көзіміз түгел, ісіміз баянды болуының алғы шарты-ел арасындағы татулық болып табылады. Бұл ретте өзге өңірлерде іске асырыла бастаған ел арасындағы дауларды бітімге келтіре білетін билердің қызметін жаңғырутымыз қажет-ақ. Аудандық сот әкімшілігімен ақылдаса отырып біздің ардагерлер Кеңесінің жанынан билер кеңесін ұйымдастырып, оның құрамы 3 адамнан белгіленсін деген ұсынысым бар,-деген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, – оған ауданымызға сыйлы, мемлекеттік қызметтерде абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан Шакизат Акимов, Бекмұрат Жамбылов, Айнаш Боташевалардың кандидатураларын ұсынамын,-деді.
-Мен бұл азаматтардың үшеуінде жақсы білемін. Білімдері де, тәжірибелері де жеткілікті жандар. Аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарды, үлкен беделге ие. Сондықтанда оларды қолдаймын,-деді алдымен сөз алған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев.
Жиында сондай-ақ еңбек ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары Стамқұл Садырқұлов пен Әбдікерім Тойшыбеков осындай ұсыныс жасап, елдің тыныштығын, ағайынның бірлігін ойластырғаны үшін алдымен аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуевке алғыс айтты. Шындығында да 1990-2000 жылдар аралығындағы тоқырау жылдары жастарға тәлім-тәрбие өз дәрежесінде берілмегені, елді жаппай жұмыссыздық жайлап, ата-аналар күнкөрістің қамымен ала дорба арқалап базар жағалап кеткендерін сөз етті. Ал аталған үш кандидатқа да толық сенетіндерін жеткізді.
Жиында оған қатысушылар бір ауыздан Шакизат Акимовты Төбе би, ал Бекмұрат Жамбылов пен Айнаш Боташованы би етіп сайлады. Ш.Акимов өз кезегінде өздеріне көрсетілген сенім үшін ел ағаларына алғыс білдіріп, сенім үдесінен шығу жолында аянбай жұмыс жасайтындарын жеткізді. Дегенмен мұндай жауапты іске көп болып араласу қажеттігін де атап өтті.
Міне осылайша облыс көлемінде алғашқы болып біздің ауданымызда билер кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Олардың жүйелі жұмыс атқарулары үшін аудандық сот ғимаратынан арнайы бөлме де бөлінді. Сондай-ақ осыннан бір-бірімен ерегіскен, болмаса өкпелі азаматтарды татуластыруға арналған арнайы кабинеттің де жасақталғанын айта кеткен жөн. Осылайша өз жұмысын бастап кеткен билер кеңесінің жұмысына сәттілік тілейміз.
Ал мұндай алқа билер сотын жаңғырту жұмыстары әрбір елді-мекендерде де жүргізілетін болады. Ал оның басты мақсаты-жастарға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру. Адасқандарды жолға салып, оларды жат қылықтардан аулақ болуға үйрету. Ауыр емес қылмыстарды сотқа жеткізбей шешуге қол жеткізу болып табылады. Бір сөзбен айтқанда жаңадан құрылып, жұмыс істей бастаған билер кеңесі атқарар іс ауқымды. Ал оның халыққа тигізер пайдасы да аз болмайтыны белгілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.