Биыл қазақ кинематографиясының қоржыны тағы бір жауһар туындымен толықты. Алты бөлімнен тұратын «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи драмасы руханият пен мәдениеттегі жыл жаңалығы болды десек артық емес. Осы сөзімізге көрермендердің ыстық ықыласы мен оң бағасы негіз болып отыр.
Осы орайда, жыл жаңалығы болған тағылымы мен тәлімі мол туындының продюсері Айсәуле Әбілдамен өрбіткен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
– Айсауле ханым, қайырлы таң! Бүгінгі таңғы кофеңізді «Міржақып. Оян, қазақ!» туралы әңгімемен бастауға келіскеніңіз үшін көп рақмет! Өткен жылы ел ықыласына бөленген «Ахмет. Ұлт ұстазы» туындысынан кейін «Міржақып. Оян, қазақ!» қалай түсірілді?
– Көрермен көркем туындының екінші бөлігі шыққан сәтте шығармашылық топтың қалай тез трансформацияға ұшырағанын, биыл «шемішкідей шақтық» деген сенімге толы әңгімесін естігісі келетін шығар. Алайда бізді былтырғыға қарағанда анау айтқандай өзгеріс күткен жоқ, сол жағдай, сол мүмкіндік, сол қиындық қайта алдымыздан шықты, себебі былтырдан бері ештеңе өзгеріп кеткен жоқ қой. Биыл сценарийде локация тым көп және оның бәрін табу мүмкіндігі аз. Дала сахналары да жетерлік, дүниедегі ең қиын нәрселердің бірі даланы толтыру ғой, ат керек, керегесі мен уығы ағаштан жасалған ескі киіз үйлер керек… Киіз үйді дұрыс құратын адам табудың өзі қинап қояды дегендей. Оған күн санап көтеріліп жатқан инфляцияны қосыңыз. Солай «шықпа, жаным, шықпамен» жасап шықтық қой.
– Жоба бас-аяғы қанша уақытта дайын болды?
– Негізі, біздің MurAi Production компанияның ерекшелігі деп айтсам артық айтпаспын, біз бір жылда тек бір жобаны жүзеге асырамыз, экрандаймыз. Себебі түсірілетін туындының санына емес, сапасына жауап бергіміз келеді. «Неге?» деген заңды сұрақ туындауы әбден мүмкін. Түсірілім процесінің ең алғашқы қадамы – материал жинау мен сценарий жазудың өзі үш-төрт айға жалғасады, түсірілімге дайындық мерзімі екі ай болса, кинотуындыны түсірудің өзі екі-үш ай уақытты алады. Сонда сегіз-тоғыз ай уақытты алады деуге болады. Алайда біздің Алаш азаматтарына деген құрметіміз бұл қиындықты сәл де болса жеңілдеткен шығар деп ойлаймын.
– Түсірілімге дайындық пен кинотуындыны түсіру процестерін қосып алғанда сегіз ай уақыт кетеді деп айтып отырсыз. Түсірілім барысына тоқталып кетсеңіз.
– Тарихи кинода дала сахналарын түсіру әрқашан қиын. Жарық, су, жылу жоқ. Көшіп-қону да оңай емес, өздеріңіз байқағандай, Қостанай қаласында, Торғай даласындағы Қызбел, Қоңыраулы мекендерінде де түсірілім жасадық. Оған қоса, тірі реквизит, яғни жылқы көп, олардың тасымалы мен жемшөбі, күтімі актерден қиын боп кетеді кейде. Осындай көзге көрінбейтін, бірақ үлкен маңызы бар жұмыс көп кинода. Мысалы, Міржақып пен Сейдахметтің Омбыда жалдап тұрған үйін Алматы қаласынан да, Қостанайдан да таба алмадық. Соңында Қырғызсай ауылындағы «Ахмет. Ұлт ұстазындағы» Ахметтің «үйін» биыл тағы пайдалануға тура келді. Ондай ескі үйлердің іші әдетте тар келеді, ал әр режиссер мен оператордың арманы – кең жерде жұмыс істеу. Камераның рельсін құрып, жарық-ты қалаған жеріне қойып түсірілім жасауды кім қаламайды? Оқып отырған оқырман «ескі үйлер көп қой» деуі мүмкін, алайда қанша ауылды, екі облысты іздеп жүріп тапқан үйлеріміз түсірілім стандарттарына сай болмай қалатын кездер көп болады. Тарихи туындыны түсіруге қажет реквизиттер табу да үлкен мәселе. «Ахмет. Ұлт ұстазында» Ахметтің пенсесін бірінші еліміздегі бір компанияға жасатып, ол реквизит режиссердің көңілінен шықпай, көршілес елден іздеуге тура келіп еді. Ал биыл «Міржақып. Оян, қазақ!» хикаясындағы реквизиттерге қатысты есте қаларлық оқиғаның бірі Ғайнижамалдың той көйлегіне қатысты болды. Ғайнижамал Досымбекова қазақ интеллигенциясынан шыққан, оқыған қыз болған. Оның той көйлек киіп түскен фотосуреттері де сақталған. Сол той көйлегін табу қиынға соқты. Костюмерді қасыма ертіп, таңғы жетіден бастап Алматының барлық той дүкендерін аралап, таппадық. Шаршап кеттік. Ойлана келе қаланың ең танымал сауда нүктесі барахолкаға бет алдық. Бақытымызға орай, кеш бата Гаяның той көйлегіне келтіруге болатындай көйлек таптық. Екеуін алдық, себебі үстіндегі салпыншағын шығаруға тура сондай мата табу керек еді. Костюмер қыз тігіншіге беріп, екі көйлектің басын қосып, түсірілімге керек той көйлегін құрастырып шықты. Той күні көйлектің үстінен Ғайнижамал күміс алқа таққан еді. Енді күміс алқаны дәл тарихи суреттегідей етіп жасау үшін де біраз тер төктік. Бірнеше күміс әшекейдің басын біріктіруде әкемнің көмегі қатты тиді. Былай қарасаңыз, осы сахна телехикаяның небәрі 3 минутын алған болуы мүмкін.
– Бұл танымал туындының қоюшы режиссері әрі сценарий авторларының бірі Мұрат Есжан туралы түсірілім алаңында жүрген актерлерден біраз ой естіген едік. Мұраттың басқа режиссерлерден ерекшелігін сіз де айтып кетсеңіз?
– Мұрат Есжанмен үйде де, түзде де бірге болу бұйырған соң ол кісінің қандай адам екенін жақсы білемін. Мұрат – идеяға қатты сеніп, соған қатты берілген жан. Ол бір істі бастаса, түбіне жеткізбей қоймайды. Ол тек жұмысқа, идеяға қатысты дүние, ал басқа дүние тіршілігінен ол тез шаршап, беті қайтып кетуі әбден мүмкін. Бірақ сол ортақ идея, ұлтқа қатысты дүние болса, Мұраттың күші екі еселенеді. Осы жобада басынан соңына дейін жүретін жалғыз адам болғандықтан, өткен жылы «Ұлт ұстазы» аяқталған сәттен бастап осы тақырыппен ұйықтап, осы тақырыппен оянды десем де болады. Түсірілім алаңындағы жандардың барлығы да сол күшті байқаған болар. Америкада «Болашақ» бағдарламасымен оқуда болған кезде де Мұрат берілген сценарийлерді жазып шығу үшін бес-алты сағат машинада тапжылмай отыратын еді. Неге машинада дерсіз, себебі үйде бала-шаға ойнап, шулап алаңдатады ғой. Кей демалыс күндері ел көру үшін қыдыратын болсақ, ол қолтығына ноутбугын қысып, ала жүретін. Иә, тарихи туындының сценарийін жазу, оның құрылымын шығару, жұртты соңына иіріп отыратындай оқиға желісін табу оңай емес. Бұл ретте оған Америкада дәл осы киносценарий мамандығын оқығаны септесті деп ойлаймын. Мұнда сценарийдің ауыр жүгін бірге көтеріскен Ұларбек Нұрғалымұлы мен Ұшқын Сәйдірахманның зор еңбегін айта кету керек. Ұларбек ағамыз – соңғы кездегі бестселлер кітап «Дайағашшының» авторы, жазушы, қазақ сөзінің майын ішкен жан, ал Ұшқын замандасымыз – Алаш зиялыларының тікелей мағынасында жоқтаушысы, ізденімпаз ғалым, алаштанушы. Осы үштік тандем былтыр да, биыл да жемісті жұмыс істеді деп айта аламын.
– Тарихи киноның сценарийі жазылған кезде бірінші кезекте нақты фактілер мен куәгерлердің естеліктері назарға алынады, ал содан кейін ғана көркемделеді. «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясына сценарий жазылу барысы туралы айтып берсеңіз.
– Телехикаяны жазу барысында авторлар отыздан астам тарихи әдебиет пайдаланды және барлығының атауы фильмнің соңында толықтай берілді. Отыз бір әдебиеттің барлығы да толықтай оқылып, зерттелгеніне куәмін. Сондай оқулықтардың бірі – Марат Әбсеметовтің әлі баспаға берілмеген қолжазба кітабы, татар жазушысы Виль Галиевтің «Ұлтты оятқан кітап» (Міржақып Дулатұлы және оның «Оян, қазақ!» кітабының ізімен), Гүлнәр Міржақыпқызының, Мәмбет Қойгелдінің және басқа да авторлардың кітаптары толықтай оқылды. Бұл жоба авторы Мұрат Есжанның ғалымдар мен көрермен алдындағы адалдығы деп білемін, себебі басқа ешқандай кинода мұндайды кездестірмейсіз. «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ!» картиналарында көрерменге берілген барлық ақпарат тарихи деректерге сай келеді. Көркемдік шешімдер бар, бірақ ол шешімдер осы тұлғалардың абыройына еш нұқсан келтірмейтін, керісінше көрерменге сезімдерін жеткізе түсетін сәттер.
– Сценарий жазылды, локациялар таңдалды. Ендігі жауапты сәт – актерлік құрамды бекіту.
– Дұрыс айтасыз. Міржақып пен Ғайнижамалдың рөлін сомдаған актерлер «Ахмет. Ұлт ұстазында» екінші планда ойнаған еді. Екінші пландағы актерлер болса да, сол кездің өзінде Мұрат осы жобаның спин-оффын жасасам деген оймен екінші планға де тәжірибелі, белді актерлерді таңдап алған болатын. Сөйтіп, Міржақып пен Ғайнижамалдың кинодағы тағдыры былтыр «Ахмет. Ұлт ұстазында» белгілі болды. Ал Гүлнәр Міржақыпқызының рөліне актриса таңдау қиынға соқты. Біраз іздедік. Ақыры, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова апайға тоқтадық. Апайдың жасы қазір екі жасы кем сексенде. Жақында ғана күрделі ота жасатыпты. Көзінің нашарлығына байланысты сценарийді қағаздан емес, аудиодан жаттады.
– Ол қалай сонда?
– Гүлжан апай өзі айтатын мәтіндерді ұлына оқытып, сол оқылған аудионы диктофоннан тыңдап, жаттап жүрді. Ол кісінің жағдайында он екі сағат түсірілім алаңында жүру оңай емес. Соған қарамастан, рөлін керемет алып шықты. Біз де процеске қолайсыз болса да, апайдың түсірілімдерін күн ара қойып, жылдамырақ жұмыс істеуге тырысып, қолымыздан келген көмегімізді көрсеттік. Ал кішкентай Гүлнәр Міржақыпқызын сомдаған Кәусар есімді жас актрисаға келсек, бала болған соң тез шаршайды, еркелегісі келеді, бірақ өнерге деген ерекше құлшынысы мен көркем тәрбиесі соның бәрін жеңіп кетіп отырды. Осы ретте оның қасында демеу болып жүрген анасына ерекше ықыласымды білдіргім келеді. Кинодағы қиындықтардың бірі – егде актерлермен, балалармен жұмыс істеу ғой. Ауырып қалмай, аман-есен соңына жеткізсек деп иненің ұшында жүресің. Биыл бізде бала актерлер көп болды. Әр баланың өз еркелігі бар. Осы жолы өз балаларымызды да түсірілімге тарттық. Ондағы ойымыз балаларымызды танымал ету емес, қайта «пайдалану» болды (күлді). Себебі өз балаңа сәл де болса батылырақ команда бере аласың, өз балаңа «сәл шыдай тұр, аз қалды» деп айта аласың, сахнасы бүгінге сыймай қалса, ертең де бір сахна үшін сүйретіп бара аласың дегендей ғой… Осы тұста Махамбетпен түсірілген сәтті айтқым келіп отыр. Ашаршылық жылдарындағы қазақтың аш қалған баласын сомдады. Есіңізде болар, жазық далада, шақырайған күннің астында жалғыз келе жатқан аш бала. Міне, сол кішкентай ғана бөлікті түсіру үшін уақыт жетпей қала берді, күнде ертеңге қалдырып жүрдік. Махамбет баламыз күнде таңғы 4-те тұрып, бізбен бірге түсірілім алаңына келіп, таңнан кешке дейін жүріп, кешке түскен кездері болған.
– Әлеуметтік желіде тараған бір видеоға тоқталғым келіп отыр. Гүлнәр Міржақыпқызының ұлы Ерлан ағаның кино аяқталған бойда хабарласып, батасын берген сәті ерекше әсерлі, сіз қандай күйде болдыңыз?
– Иә, өте толқытқан сәт болды. «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысын түсірер алдында Мұрат екеуміз Гүлнәр Міржақыпқызының ұлы Ерлан ағай мен қызы Жанат апайдың алдынан өттік. Аналарының жеке архиві Жанат апайдың қолында екен. Бір чемодан фотолар мен құжаттар, түпнұсқа кітап-газеттерді көрсетіп, фото-видеоға түсіріп алуға рұқсатын берді. Яғни, фильмде көрсетілген чемодан мен «Оян, қазақ!» кітабы өмірдегі түпнұсқамен жүз пайыз ұқсайды. Ол кісілерге сценарийді көрсеттік. Дегенмен іштей «бұл кісілер киноны қалай қабылдар екен» деп үнемі алаңдап жүретінбіз. «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысы ұлттық арнадан көрсетіліп болған сәтте Ерлан аға бірден хабарласты. Барлық жасалған істің оң екенін ерекше атап өтті және батасы мен алғысын жаудырды. Ал Гүлнәр апаның келіні Жанна (ол кісінің өзі де кәсіби актриса) «мен кинодан тірі Міржақыпты, тірі адамды көрдім» деп қуантты. Дәл осы тұста Ұлттық арна ұжымына, «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысының шығармашылық тобы мен актерлік құрамына алғыс білдіргім келеді! Мұрат айтқандай, шығармашылық тек сценарий жазылған кезде болады, ал сценарий жазылып болған соң, яғни қағаздағы шаруаң біткен соң, шаруашылық басталады екен. Күтпеген мың кедергімен күресіп кетесің. Кино – үлкен ұжымдық жұмыс, бір адамның жұмысы ақсаса, жүз адам күтіп қалады. «Кино өндірісі – үлкен командалық спорт» дегенді оқып едім. Киноға адамдар бір арман-мақсатты бөлісу үшін келеді. Сондай мың кедергіден бізбен бірген өтіп, жеңе білген және бізбен бір мақсатты бөлісу үшін келген барлық жанға рақмет айтқым келеді. Атқарушы продюсерлер Әсет Есжан мен Қадыржан Құлман, қоюшы оператор Жанат Өмірәлі, қоюшы суретші Еламан Айнабеков, костюмер Гаухар Ақтаева, гример Жұлдыз Иманбекова, режиссердің ассистенті Жәрдем Дауылбаевқа және барлық командама ерекше алғыс білдіремін.
– Айсауле ханым, «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи туындысына «Ахмет. Ұлт ұстазының» жолын берсін деп тілеймін! Сізге және барлық шығармашылық тобыңызға сәттілік!
Сұхбаттасқан
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
https://turkystan.kz/article/208822-mirzhakyp-oyan-kazak-tarihi-tuyndysy-prodyusermen-suhbat/