Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстандағы интернетке қатысты проблемалар неге байланысты екенін түсіндірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Интернеттің сапасы неге төмен екені туралы көптеген шағым бар. Біз мұны мойындаймыз. Бірақ кейбір факторларға тоқталғым келеді. Мысалы, TikTok, YouTube және басқалары бар. Олар толығымен қолданылады. Күнделікті өмірде такси жүргізушілері де бағдаршамда тұрған кезде телефондарынан видео қарайды. Экономиканың басқа салаларында да интернет қолданылады. Осыған байланысты интернет-трафикті пайдалану да айтарлықтай өсіп барады. Пандемия кезінен бастап бұл көрсеткіш 800 петабайтқа жетті», — деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, халықаралық телекоммуникация саласында ITY деген ұйым бар. Оның айтуынша, былтыр әлем бойынша интернетті пайдаланатындар саны 4,9 миллиардтан асқан.
«Дәл осы уақытта еліміздегі интернетті пайдаланушылар саны, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 90,9 пайыз болған. Интернетті пайдаланушылар саны ғана емес, олардың интернетте өткізетін уақыты да артып келеді. Бұл деректер инфрақұрылымдық коммуникацияларға жүктеменің артуына басты себеп болып отыр», — деп түйіндеді Бағдат Мусин.